20.04.2023, 9:15
Оқылды: 57

Еуропалықтарды таңғалдырған «Арнау» ансамблі

Жақында  «Атамекен»  өнер ордасының жанындағы «Арнау» этно-фольклорлық  ансамблі  Словакия,  Австрия,  Венгрия елдерінде өнер көрсетіп қайтты. «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі  2018  жылы  облыстық жастар шығармашылығы  орталығының жанынан  құрылған. Аз ғана уақыт ішінде труппа қазақ жұртшылығын ғана емес, шетелдіктерді  де  өз өнерімен  бағындырып үлгерді. 

IMG-20230325-WA0013

– Музыканттар да спортшылар сияқты, үлкен ареналарда өнер көрсетпесе, делебесі қозатын халық қой. Негізінен пандемия басталмас бұрын Түркияға гастрольдік сапармен шықпақ болып, жоспарымыз іске аспай қалды. Наурыз айында Словакия, Австрия, Венгрия елдеріне  ұлыстың ұлы күнін тойлау аясында гастрольдік сапарға шығып қайттық, – дейді жастар шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Қалиев.

 

Еуропаның төрінде қойдың басын  ұсынды

Жұртшылықтың еуропалық музыканы классикалық өнердің өзіндік эталоны ретінде мойындайтыны рас. Ал еуропалықтар ұлы даланың ғажайып әуендеріне елтіп, қазақ өнерпаздарының өнеріне бас иіп, құрмет көрсетіпті. Содан да болар,  «Арнау» ансамблінің өнерпаздары гастрольдік сапардан ерекше әсермен оралған. Әсіресе Венгрия астанасы Будапешт, Карцаг қалаларында өткен өнер кеші ерекше есте қалыпты.

IMG-20230325-WA0018

Венгрия ұлы Еуразия даласының ең батыс бөлігінде орналасқан. Моңғол шапқыншылығы кезінде қыпшақтар Қотан ханның бастауымен қазіргі Венгрия орналасқан аумақтан сая тауыпты деседі. Аталмыш елде Ұлы Құман және Кіші Құман деп аталатын екі орталық облыс бар. Бұл өңірлерде 200 000-ға тарта этностық қыпшақ тұрады екен. Қаншама ғасыр өтсе де, олар тілдерін ұмытса да, өздерінің қыпшақ екенін ұмытпай, тектік тұтастығын сақтап қалған. Қазақ әндерін тыңдағанда ерекше күйге бөленіп, ұзақ қол соғыпты.

– Бірінші Будапешт қаласынан бұрын Карцаг қаласына ат басын тіредік. Сол елдің басшылары, депутаттары бізге тарихи жерлерін көрсетіп, аралатты. Концертіміз жоғары деңгейде өтті. Кешкі аста сол жердің тұрғындары «Қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін орындаған кезде, ішімізде бөлек сезім пайда болды. Денеміз тітіркеніп, қанымызда бар музыка екенін сезіндік» деп жүрекжарды тілегін арнады. Олар – қойдың басын ұсынатын Еуропадағы жалғыз халық.

«Қазақ өнеріне тәнті болып, генетикамыздағы қазақ үндерін естідік» деп көздеріне жас алды. Байқағаным, олардың тілі де, әдет-ғұрпы да бізге қатты ұқсайды екен, – деп ой бөлісті «Арнау» этно-фольклорлық ансамблінің әншісі Ернар Өмірәлі.

Қазақстан мен Венгрияны байланыстыратын құнды дүниелер көп. Өйткені екі елдің өткен тарихы ортақ, түбі бір. Мажарлар өздерінің Еуропадағы орнын атқа мініп жүріп тапқан деседі.  Аттан түскеніне  мың жылдан астам уақыт өтсе де, арғы тарихына құрметпен қарайтын санаулы халықтың бірі.

Вена мен Словакиядағы сәулелі сәттер

 Словакия астанасы Братислава қаласының бас алаңында Наурыз мерекесіне орай  алғаш рет ақшаңқан киіз үй тігілген. Әсем безендірілген киіз үй, қызыл-жасыл кілемдер – текемет, сырмақ, алаша, тоқылған өрнекті ленталар, қазақтың музыкалық аспаптары мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қала тұрғындарын таң-тамаша күйге бөлеген. Киіз үйдің іші қазақтың ұлттық киімдерімен, былғарыдан жасалған паннолармен, көшпенділердің сауыт-саймандарымен және қазақтың дәстүрлі қамшысымен  безендірілген.

Этнокөрмеге келушілер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген киіз үйдің мыңжылдық тарихымен және оны жасаудағы ерекше шеберлігімен танысқан. Киіз үйді ойлап табу көшпелілердің Еуразия даласының ұлан-ғайыр кеңістігін игеруіне мүмкіндік берген ең үлкен жаңалықтарының бірі екені баса айтылады ол жерде. Братислава қаласында киіз үй құру ерекше маңызға ие. Өйткені Словакия жері ежелден Шығыс пен Батыс мәдениетінің қиюласқан жері болған. Қазақ елінің өнерпаздары  орта ғасырларда тәж кигізу рәсімдері мен ұлттық жиындар өтетін бас алаңнан киіз үйге орын берген Братислава қаласының басшылығына шынайы ризашылығын  білдірді.

Қазақ күйлері мен халық әуендері қала тұрғындарына қуаныш сезімін сыйлайды.  Әсіресе олар «Československo má talent» ұлттық телешоуына қатысқан танымал жас домбырашы Есенғали Құмаровтың өнеріне тәнті болыпты.

– Табан тіреген елдердің әрқайсысында бізді жылы қар-сы алып, қонақжайлылық танытты. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының үнін естіп, ду қол шапалақтаған көрермендерді әлі ұмыта алмай жүрміз. Оларға біздің аспаптардан жетіген, шаңқобыз, бас домбыра, сыбызғы, наркобыз, примақобыздың үні қатты ұнады. Аталмыш аспаптардың шығу тарихын сұраушылар көп болды. Кейбір тұрғындар өз аспаптарымен келіп, біздің аспаптарда ойнау шеберліктерін көрсетті. Әсіресе ансамбльдің әншісі Ернар Өмірәлінің өнерін ұнатқандар көп болды. Концерттен кейін көрермендер тағы бір-екі ән айтуды өтінді, – дейді «Арнау» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тимур Меңдіғалиев.

Австрияның астанасы Вена қаласында мерекелік шараны Венадағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Дүйсен Қасейінов атындағы қор және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған. Одан әрі талғампаз көрермендер домбыра, қобыз, сазсырнай, жетіген т.б ұлттық аспаптарда шебер орындалған өнер майталмандарының концерті мен Қазақстан композиторларының шығармаларын ыстық ықыласпен қабыл алды.

Шығармашылық топ мүшелерінің айтуынша, Наурыз мейрамын Венгрияда тойлау қазақ мәдениетінің, қазақ дәстүрінің ерекше бай екенін көрсетті. «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көрегұлы», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйлерін өз өңдеуінде шебер орындап берді. Еуропалықтар домбыра, қобыз, шертер, жетіген аспаптарынан кең көсілген дала, баяу аққан тау сарқырамасының сылдырын, көктемде тамылжыта сайраған құстардың үнін естіп, бір серпіліп қалғанға ұқсайды. Қазақ халқының жан дүниесінде жасырынған фольклорлық дыбыстар тыңдармандарға үлкен әсер қалдырған.

Австрия елінің астанасы Вена қаласында өткен концерттік бағдарламаны өнерді бағалайтын көрерменмен қатар, Түркия, Бельгия, Қырғызстан, Түрікменстан, Ирак, Перу және т.б. елдердің Австриядағы төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ Еуропалық Одақ өкілдері тамашалап, алғыс айтты.

Өнер   ұжымының жоспары  қандай?

– «Атамекен» өнер ордасының жанында жастар шығармашылығы орталығы бар. Алғашында жастардың шығармашылық лабораториясы ретінде құрылған ұжым бүгінде үлкен концерттік  бірлестікке айналды. Себебі қазір орталықтың құрамында Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі, «Атамекен» камералық хоры, «Әдемі», «Stand up» бишілер тобы және «Жастар» музыкалық театры қызмет атқарады. Қазіргі таңда біздің ұжым ұлттық өнер мен классика, симфониялық музыка, опера және джаз-рок бағытында жұмыс істеуде. Ал көрме залына назар аударсаңыз, онда өңір суретшілері мен қатар, елімізге танымал аймақ суретшілерінің  шығармашылық еңбектері елге таныстырылуда. Алдағы айларда халықаралық шаралар өткізу жоспарда тұр, –  деп атап өтті  Марат Қалиев.

Еуропаны қазақ өнерімен таңғалдырып қайтқан «Арнау» этно-фольклорлық ансамбліне биыл бес жыл толмақ. Ендігі кезекте олар әр елдің танымал әнін өз репертуарларына қоспақ ниетте. Қазіргі күнде ансамбль  өңіріміздегі еңселі өнер ордасы «Атамекенде» қызмет етеді. «Атамекен» өнер ордасы  заманауи технологиялық құралдармен, сапалы музыкалық аспаптармен жабдықталған.

Гастрольдік сапардан әдемі әсермен оралған өнерпаздар ұжымы  Еуропада қазақ өнерінің мерейін асырып, осы сапарды ұйымдастырған жастар шығармашылығы орталығының директоры Марат Кеңесұлына, облыс әкімдігіне, Словакия, Австрия, Венгрия елдерінің Қазақстандағы елшілігіне, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) ұжымына алғыс айтады.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале