25.04.2023, 18:01
Оқылды: 29

Оралда қоқыстан табылған нәрестенің жағдайы бірқалыпты

Дүйсенбі күні Орал қаласының Надежда көшесі (Ескі әуежай ауданы), 66-үйдің артындағы қоқыс жәшігінен целлофан пакетке оралған шақалақ табылды. Оны сол маңайдағы тұрғындар байқап, «102» жедел желісіне хабарласқан. Нәресте ұл бала екен. Бүгінде ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тиісті ем-дом қабылдап жатыр. Шақалақтың денсаулығын білу үшін аталмыш ауруханаға арнайы бардық.

62BC89AA-E697-4E7B-8CE5-04174C7277F1

– Нәресте ауруханаға 24 сәуір күні «Жедел жәрдем» көлігімен жеткізілді. Сәбидің жағдайы алып келген кезде орташа ауыр болды. Гипотермия (жылу алмасуының бұзылуы) және гипогликемия (қандағы глюкозаның төмен концентрациясы) белгілері байқалды. Дене температурасы 35 градусқа дейін төмендеп кеткен. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін медициналық тексеру жүргізілді. Пневмония, бас миының гипоксиясы (перинаталдық зақымдалуы) диагноздары қойылды. Сараптама нәтижесіне байланысты ем-дом тағайындалды. Қазір нәрестенің жағдайы бірқалыпты. Салмағы – үш келі, бойы – 52 сантиметр. Гестациялық жасына сай дамуда. Шақалақтың кіндік қалдығын тексергенде, оның ауруханаға жеткізілгенге дейінгі жеті-сегіз сағат бұрын дүниеге келгені анықталды. Ауруханада 7-10 күн бойы денсаулығын бақылаймыз. Емдеу курсынан толық жүргіземіз. Шақалақтың болашақ тағдырын заң аясында облыстық Қамқоршылық кеңес шешеді, – деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Мақсат Оразбаев.

Айта кетсек, алпыс екі тамырын идіріп, жатырынан жарып шыққан бөбегін «ит-құсқа жем болсын» деп тастап кеткен көкек ана да көп кешікпей анықталды. Жатырынан қан кетіп, ауруханаға жеткізілген.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 119-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале