12.07.2016, 15:38
Оқылды: 66

Өзекті үш мәселе

Өзекті үш мәселеТасқала ауданы әкімдігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысына аудан әкімі Санжар Әлиев, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары және жастар қатысты. Жиынды аудандық қоғамдық келісімнің төрағасы Айтқали Сүндетбаев ашып жүргізді.


 

Кеңес отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралса, соның біріншісі жер реформасы бойынша түсіндіру жұмыстарының ахуалы туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Кереев баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуы бойынша бүгінде жер реформасына енген өзгерістер туралы аудан халқына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Қоғамның толғанысын туындатқан жер мәселесіне қатысты халықтың айтқан ұсыныс-пікірлерін жинақтап, тиісті орынға табыстайтындарын да жеткізді.

Екінші мәселе үш тілді қолданысқа енгізу туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мэлс Нәріков баяндама оқыды. Білім жүйесіне бұл жаңалық 2017 жылдан бастап енеді делінген болса, бүгінде екі жылға кейін ысырылып, яғни 2019 жылдан бастап кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту мектептерге енгізіле бастамақ екен. Баяндама жасаған қос маман да бұл ұсыныстың заман талабы екендігін айтып өтті.

– «Үш тұғырлы тіл» идеясы – жарқын болашақ кепілі. Аудандық бюджеттен жылма-жыл тілдерді дамыту саласына қаржы бөлініп түрлі шаралар өткізіліп келеді. Өткен жылдың қорытындысымен аудан тұрғындарының 93,2 пайызы мемлекеттік тілді, 9,8 пайызы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 2020 жылы аудан бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 96 пайыз, ағылшын тілін білетін ересектер саны 20 пайыз, үш тілді меңгерген ересектер 13 пайызға жетуі тиіс, - деді Мэлс Жасанғалиұлы.

Санжар Жұматайұлы аудан мектептерінде де мұғалімдерді ағылшын тіліне машықтандыру турасында өз пікірін білдіріп, білім бөліміне биылдан бастап тәжірибеге енгізу турасында ұсыныс тастады.

Алайда ардагер ұстаз Күләш Шапикова бұл жұмыстың бірер жылда жолға қойылуы күмән туғызатындығын және ағылшын тілі қоғамдық қолданыста болмағандықтан жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту оңайға соқпайтындығын айтты. Сондай-ақ отырыс барысында үш тұғырлы тілді енгізу арқылы ана тілінің қолданыс аясы тарылмауына алаңдаушылық танытқандар да болды.

Сондай-ақ үшінші мәселе елдегі діни ахуал мен жергілікті жүргізіліп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмыстары туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенова айтып өтті.

www.zhaikpress.kz

Р.САТЫБАЛДИЕВ

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале