1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Казталов ауданындағы Достық саябағында «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» атты мәдени-көпшілік шара өтті.
Ашық аспан астындағы мерекелік шара басында аудан орталығындағы мекемелердің қызметкерлерінен құралған әр түрлі ұлт өкілдері ортаға шақырылып, ҚР Мемлекеттік Гимні орындалды. Атап айтар болсақ, аудандық орталық аурухана – қазақ ұлты, аудандық білім беру бөлімі – орыс ұлты, Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – татар ұлты, педагогикалық-психология түзеу кабинеті – әзербайжан ұлты, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі - грузин ұлты және аудандық кітапхана ұжымы – өзбек ұлтының ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарынан мол дастархан жайды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов аудан тұрғындарын келіп жеткен Бірлік мейрамымен құттықтап, өзге ұлт өкілдері мен олардың тату көршілерін арнайы Алхыс хатпен марапаттады. Шара «Дала думан», «Бейбітшілік сақталады», «Жылқышы» деген секілді әуезді әндермен жалғасын тауып, концерт барысында үнді, өзбек, татар, орыс, украин, қырғыз әндері мен ұлттық билері орындалды. Концерттік бағдарламада «Қарлығаш» би ансамблі «Достық» биін нақышына келтіре орындап, би қойылымы арқылы көптеген ұлт пен ұлыстардың бір тудың астында бірлесе, тату-тәтті өмір сүріп жатырғандығын бейнелеп көрсете білді.
Аудан әкімі А.Сарқұлов шар ұшыру рәсіміне шақырылып «Бейбітшілік» шары көк аспанға әуелей көтеріліп, бейбіт аспан астында қалықтады. Шара соңында барша өнерпаздар «Атамекен» әнін орындап, көпшілік көрермен орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Достық саябағына жиналған мәдени-көпшілік шарада ауданымызда қайтарымсыз грант алып кәсіп бастаған азаматтар, жеке кәсіпкерлер, «Іскер әйелдер кеңесі» мүшелері өз өнімдері мен қолөнер бұйымдарын арнайы қойылған алаңда саудалады. Аудан әкімі А.Сарқұлов кәсіпкерлердің өнімдерімен және қолөнер бұйымдарымен танысып, әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық дастарханынан дәм татты. Мәдени-көпшілік іс-шара жаналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлап, халықты қуанышқа бөледі.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Мәңгілік ел болу - Қазақстан халқының асыл мұраты. Оған бастайтын бірден
бір жол – бірлік. Ынтымағы – ырысқа, бірлігі – беберекеге бастайтын бұл мерекенің еліміз үшін қашанда маңызы зор, мәртебесі – биік болып қала бермек.
Жансая Жұмажанқызы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz