2.05.2023, 12:00
Оқылды: 66

Оралда ядролық медицина орталығы ашылды

ҚР  Денсаулық сақтау министрі  Ажар Ғиният  Орал  қаласындағы «MIG Qazaqstan» ядролық  медицина орталығының ресми ашылуына қатысты. Орталықта науқастарды желілік үдеткіште радиотерапия әдісімен емдейді. Салтанатты шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев, оның орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов және сала мамандары болды.

63213121212

Сәулелік терапия орталығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ашылды. Жеке серіктес «МедИнвестГрупп Казахстан» ЖШС жалпы ауданы 350 шаршы метр ғимаратты толықтай күрделі жөндеді. Халықаралық деңгейдегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтады. Орталықты ашуға 2 миллиард  700 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Аталмыш компанияның бас директоры Станислав Захаров қонақтарды орталықтың жұмысымен, заманауи жабдықтармен таныстырды. Мұнда науқастарды жоғары технологиялық КТ сканері – сәуле алдындағы топометрияны жүргізуге арналған Siemens Somatom Go SIM құрылғысымен және Varian Medical Systems компаниясының Halcyon сәулелік терапия жүйесі – жоғары дәлдіктегі жаңа сызықтық үдеткішімен емдейді.

Мамандар онкологиялық дертке шалдыққандарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде тегін қызмет көрсетеді. Жылына 800-ден астам науқас Halcyon сәулелік терапия жүйесі арқылы емделеді. Ал бір жылда 1000-нан астам адам компьютерлік томографиядан өтеді. Өткен жұма күні орталықта 40 науқас ем алған. Айта кету керек, осындай орталық Алматы  мен  Шымкентте бар.

– Облыстық онкологиялық диспансердің жанынан ашылған сәулелік терапия орталығында науқастарға кешенді көмек көрсетіледі. Сәулелік терапия – онкологияға  қарсы емнің бір түрі. Министрлік Президенттің тапсырмасымен алдағы үш жылға арналған онкологиялық көмекті жетілдірудің кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Соған сәйкес заманауи халықаралық стандарттарға сай келетін өте бағалы аппараттар сатып  алынуда. Бұл жоспарды үкімет пен кәсіпкерлер отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы бірігіп жүзеге асыруда, – деді министр. Ведомство басшысы онколог мамандарға ядролық медицинаны жетілдіру, білікті кадрлар даярлау қажет екенін айтты.

Орталықтағы науқастардың барлығына ем-домның шипалы болуын тіледі. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келген министрге және осындай маңызды орталықтың ашылуына мұрындық болған инвесторларға алғыс білдірді. Өңір басшысы диспансерге қажетті медициналық аппараттар алынатынын, өңірде кардиологиялық орталық салынатынын да атап өтті.

Ясипа Рахимқызы,

 «Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале