Бәйтерек ауданы әкімінің өкімімен аудан әкімінің орынбасары лауазымына Ерлан Ғалиев тағайындалды. Жаңа орынбасарын аудан әкімі Марат Тоқжанов аудан активіне таныстарды.
-Меритократия қағидасына сәйкес, аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары болып тағайындалуымен Ерлан Ерсайынұлын құттықтаймын. Біз Орал қаласы әкімдігінде бірге қызмет атқардық. Яғни 2007-2008 жылдары мен Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жүргенімде Ерлан Ерсайынұлы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі жауапты хатшы-бас маман болды. Содан бері оны жақсы білемін. Ол әлеуметтік блокқа кіретін түрлі салаларда қатардағы маманнан бастап басшылыққа дейінгі аралықта еңбек етті. Алған білімімен, жинаған білігімен, еңбек тәжірибесімен Бәйтерек ауданының дамуына өз үлесін қосарына үмітіміз зор. Жасыратыны жоқ, бұл лауазымға бірнеше үміткерлер болды. Жан-жақты сарайлай келе, осындай таңдау жасадық. Менің қояр бір талабым - жанашырлықпен қызмет қылу. Егер олай болмаса, біз бірге жүре алмаймыз. Жанашырлықпен қызмет ететін жанның берері көп болады,-деді Марат Лұқпанұлы.
Өз кезегінде сөз алған Ерлан Ғалиев сенім арқан аудан әкіміне алғысын білдіріп, сенім үдесінен шығу үшін еңбектенетінін, ауданның әлеуметтік саласын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Хайруллин лауазым иесін жаңа қызметімен құттықтап, Ерлан Ерсайынұлы әлеуметтік салада кенжелеп қалған жұмыстарды алға бастыратынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Ерлан Ғалиев Казталов ауданының Әжібай ауылында 1977 жылы дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін экономист мамандықтары бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1996 жылы Жалпақтал ауданындағы Ғ.Молдашев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.
Содан соң Оралдағы №41, 19 мектептерде мұғалім, директордың орынбасары, қалалық білім бөлімінің әдіскері, бас маманы, Орал қалалық әкімдігінің бас маманы, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры, қала әкімдігінің бөлім басшысы-қала әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Оданкейін қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы, БҚО әкімдігінің бөлім басшысы, бас инспекторы, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, Орал қаласы әкімінің орынбасары, БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы болып еңбек етті. 2023 жылдың 4 қаңтарынан бері БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымын атқарып келді. 5 мамырдан бастап Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары.