8.05.2023, 14:29
Оқылды: 50

«Қордаланған  мәселелер Үкімет қолдауымен шешіледі»

Өткен жұма күні өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов келіп, Теректі және Бәйтерек аудандарындағы салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да жастармен емен-жарқын әңгімелесіп, содан соң өңірдің өзекті мәселелері талқыланған облыс әкімдігіндегі келелі кеңеске қатысты.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.43 (1)

«Қарызсыз қоғамға» қадам 

Министрліктен келген делегация құрамында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ербол Оспанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник және «АMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев  болды. Олар алдымен Теректі ауданының орталығындағы спорт алаңында  жергілікті тұрғындармен кездесті.  Министрлік өкілдерін облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастап жүрді.

– Биылғы жыл басталғалы біз республиканың барлық өңірін аралап, тұрғындармен кездесіп жүрміз. Бүгін, міне, он алтыншы өңір – Батыс Қазақстан облысына табан тіредік. Халықтың толғандыратын қандай мәселелері бар, соларды анықтап, Үкіметтің қолдауымен шешу жолын ақылдаспақпыз. Атқарылып  жатқан жұмыс аз емес, бірақ орындалуы тиіс жоспар одан да көп.  Сол себепті ауыл-аймағыңыздағы өзекті мәселелерді, толғандыратын сауалдарыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әзірміз, – деді Алтай Сейдірұлы.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.43 (2)

Теректіліктер жеңілдетілген пайызбен несие және субсидия алу, жайылымға жер жетіспейтіндігі, атаулы әлеуметтік көмек, ауылішілік жолды жөндеу, ауыз су, ветеринар мамандардың тапшылығы туралы мәселелер көтерді. Кездесуде жеңілдетілген несие, субсидия алуда кооперацияға бірігудің тиімділігі, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерді жедел шешу мақсатында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасының пайдасы туралы айтылды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректідегі ауылішілік жолды «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» аутожолдарының құрылысы аяқталғаннан кейін ғана қолға алатынын жеткізді.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.44 (2)

– Бұған дейін айтқанымдай, Орал қаласынан Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына дейінгі республикалық маңызы бар жолдың құрылысын аяқтамай, ауылішілік жолдарға кіріспейміз. Егер облыс аумағындағы жөнделуі тиіс жолдардың әрқайсысын бір бастап қойсақ, қаржы да, бастаған ісіміз де соңына дейін жетпей, орта жолда қалады. Биыл 545 шақырым жол салуымыз керек. Содан кейін ғана ауданаралық, ауылішілік жолдардың құрылысына кірісеміз. Нақтырақ айтсақ, жоғарыдағы айтқан аутожолдарды биыл салып бітірсек, ауылішілік жолдарды жөндеуді 2024 жылдан бастаймыз, – деді Нариман Төреғалиұлы.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.56 (1)

Жуырда «АMANAT» партиясы «Halyk Bank»-пен бірлесіп, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасын іске қосқан еді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов бастаған делегация теректілік тұрғындармен кездескен соң аудандағы Достық үйінде «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларымен тілдесті. Қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламасы бойынша оқуын аяқтаған бір топ тұрғынға сертификат табыстады.

Басқосуда «АMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев  «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруға еліміздегі несие алушылар санының жылдан-жылға артқаны түрткі болғанын жеткізді.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.55 (1)

– Елімізде несиесін 90 күннен астам уақыт төлей алмай жүрген 1 миллион 500 мыңдай адам бар. Сондай-ақ банкіге берешегі 90 күннен аз, десе де уақтылы төлей алмай жүрген 6 миллион 500 мың тұрғын тіркеліп отыр. Мұндай жағдайдың басты себебі – тұрғындардың қаржылық сауаттылығының жоқтығы. Осы олқылықтың орнын алу үшін «Қарызсыз қоғам» оқыту курсын бастадық. БҚО-да «Қарызсыз қоғам» курсының алғашқы легінде 200-ге жуық оқушы аяқтағалы отыр. Республика бойынша бір уақытта 1500 адамды оқытып жатырмыз. Жобаға қатысушылар өз қаражатын, отбасылық бюджетті тиімді басқаруды, несие алу ережелері мен қайтару жолдарын, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеуді және кәсіп ашу мүмкіндіктері бойынша ақпарат алуда, – деді ол. Сондай-ақ оқу барысында қаржы мамандарынан бөлек заңгерлердің де көмегі ұсынылуда. Олар әр тұрғынның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін азайту бойынша құқықтық кеңестер берген. Биыл мамыр айында басталған жоба  қараша айына дейін жалғасады. Кез келген ниет білдіруші жобаға қатыса алады. Тіркелу үшін тұрғылықты жердегі «AMANAT» партиясының жергілікті филиалына хабарласу қажет.

Тұрғындармен кездескен соң  Алтай Сейдірұлы Теректі ауылындағы салынып жатқан 200 адамды қабылдайтын аудандық аурухананың құрылысымен танысты.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.53 (1)

 

Алғашқы несие сертификаты – Анастасияда

 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің жастармен кездесуі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтті.  Жиында өз құрдастарына үлгі болған жастар өкілдері бизнестегі, спорттағы және қоғамдық жұмыстардағы жетістіктерімен бөлісті.

Олардың қатарында «Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі Асхат Рамазанов, «NURBERGEN HEALTH RESORT» қонақүйінің басшысы Айна Нұрбергенқызы болды.

– Республикада жастарды қолдайтын мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар бар. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары тәжірибе жинауға, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, бизнесті дамыту үшін шағын несие рәсімдеуге, ал ауылға баратын кәсіп иелеріне (дәрігерлер, мұғалімдер) көтерме қаражат және тұрғын үй ақысын төлеу үшін субсидия беруге көмектеседі. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жастарға жеңілдетілген пайызбен шағын несие беру  бағдарламасын қабылдады. Биылдың өзінде республикадағы кәсібін кеңейтемін, бизнес бастаймын деген жастарға  30 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жастар 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағдарламаларды пайдаланып, жастардың, әсіресе, еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын адамдардың кәсіп бастағанын, белсенділік танытып, жетістікке жеткенін күтеміз. Мемлекет өз тарапынан бұл үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды, – деді Алтай Көлгінов жастармен кездесу барысында.

Министрліктердің орынбасарларына студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Жиын соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл кәсіпкері Анастасия Ярославцеваға алғашқы несие сертификаты табысталды.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.53

 

«Үкімет көмегі үздіксіз»

 

Облыстық денсаулық сақтау саласында күрмеуі шешілмей келе жатқан өзекті мәселелер бар. Бұл туралы сол күні түстен кейін облыс әкімдігінде вице-министрлердің қатысуымен өткен жиында айтылды. Сонымен қатар өңірдегі медициналық нысандардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы, дәрігерлердің жетіспейтіндігі, сондай-ақ әлеуметтік нысандар салу мәселесі көтерілді.

БҚО-да дүниеге сәби әкелген әйелдердің 91%-ы Орал қаласында босанады, олардың жартысынан көбі медициналық қызметті облыстық перинаталдық орталықта алады. Шамамен 40 жыл бұрын салынған ғимарат халыққа сапалы медициналық көмек көрсету стандарттарына сай емес. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып жатқаны сөз болды.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.52 (1)

– Облыстың жетістігі аз емес, алайда біз өңірдің өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу үшін Үкімет тарапынан қандай қолдау керек, соны анықтап, ақылдасу үшін келіп отырмыз. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 50 нысан (12 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медициналық пункт) салу жоспарланып отыр, оның 24-і 2023 жылы салынбақ. Сонымен қатар Бөрлі және Казталов аудандарының ауданаралық ауруханаларын үлкейту көзделген, онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы медициналық құралдармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық санатқа жататын УДЗ аппараттары және т. б.) жабдықталған бөлімшелер ашылады. Проблемалық мәселелердің қатарында кадр тапшылығы және медицина мамандарын даярлау деңгейінің төмендігі бар. Өңірлерде акушер-гинеколог, хирург, травматолог, эндоскопист, фтизиатр және басқа да дәрігерлер жетіспейді. Медициналық кадрларға ерекше назар аудару қажет. Жақында еліміздің оқу орындарынан жас мамандар диплом алып шығады, оларды өңірлерге тарту керек, қолайлы жағдай жасап, тұратын үй мен және көтермеақы ұсыну қажет. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мамандарды қосымша оқытып, олардың біліктілігін арттыруды жолға қою керек, - деді  ҚР Премьер-министрдің орынбасары.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.52

Білім беру саласындағы бірқатар мәселе де айтылды. Бүгінгі таңда өңірде үш ауысыммен оқытатын тоғыз мектеп және  апатты 12 мектеп бар, 11 білім нысанын күрделі жөндеу қажет. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Казталов және Жұлдыз ауылдарында екі мектеп салынбақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жоспар бойынша олардың жартысының құрылысы биыл басталады. Білім ордаларына жылдамдығы жоғары интернет жүргізу мәселесі әлі шешілген жоқ, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын, зертханалар мен колледж шеберханаларының жабдықтарын жаңарту керек.    Сондай-ақ жиында халықты, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Республикадағы жастардың тек 10%-ы ғана мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныс. Облыста NEET санатына жататын 10 мың жұмыссыз және арнаулы орта, жоғары білім алмай жүрген  жас бар. Бұл көрсеткішті төмендету үшін әр өңірде, оның ішінде БҚО-да жастар бағдарламасы құрылатын болады.    «Ауыл аманаты» бағдарламасы  Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екендігі, өңіріміздегі шағын өндірістерді қаржыландыруға 6,4 млрд теңге қаржы көзделгені айтылды. Бүгінде  несиелер беріле бастады.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер бір ай ішінде өңірдегі кезек күттірмейтін барлық мәселелер бойынша жол картасын дайындауды және оларды шешу үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.51 (1)

«Жалындағы»  жаңа  мектеп

 

Жиыннан соң Алтай Сейдірұлы Бәйтерек ауданының Макаров ауылдық округіне қарасты Жалын ауылындағы салынып жатқан шағын жинақты мектептің құрылысы басында да болды. Тоғыз жылдық мектепте 54 бала білім алмақ. Биылғы ақпан айында басталған шағын жинақты мектепті жаңа оқу жылына дейін бітіру көзделуде. Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істеп жатса, соның ішінде жергілікті тұрғындар да бар. Ірі панельді мектептің құрылысын оралдық «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші – «ҚПО б.в.» компаниясы.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.48 (1)

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру мәселесін ұдайы назарда ұстап отыр. Күні бүгін республика бойынша  үш ауысымды 143 және  апатты 52 мектеп бар. Бұл мәселе үш жылдың ішінде шешімін табуы тиіс. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауды тиімді пайдаланып, істі сапалы орындауымыз керек. Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік-экономикалық салада қордаланған мәселелердің жай-жапсарын білу мақсатында өңірге бес министрдің орынбасарлары да келді. Бірлесіп өзекті деген проблемаларды талқыладық. Олар – білім сапасы, интернет мәселесі, педагог кадрлардың тапшылығы, аудандарда медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеуі, барының өзі елу пайызға жуық тозғандығы. Биыл  және келесі жылы елімізде 50 амбулатория мен медпункт салынбақ. Бұл – ауылдық жердегі медицинаны дамытуға және оның қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы. Екі ауданаралық аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту да басты назарда. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа 2,5 пайызбен 6,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Осындай қолдаудың нәтижесінде ауылдағы ағайын кәсібін ашып, тұрмыс жағдайын жақсарта алады, –  деді Алтай Көлгінов жұмыс сапарын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.47

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.47 (1)

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.50

WhatsApp Image 2023-05-08 at 11.52.49

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале