10.05.2023, 10:30
Оқылды: 30

«Су патшасы» Бердіғали

Әкем Бердіғали Чукаков 1912 жылы Казталов ауданының Саралжынкөл ауылында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылды. Содан оны бір шикіөкпеге зар нағашысы асырап алып, қазіргі Бостандық ауылына алып келеді. Балалық шағы ашаршылық, төңкеріс, жаппай ұжымдастыру сияқты аумалы-төкпелі кезеңге тұспатұс келсе де, әкесі Зұлқарнай мен шешесі Нәзираның орнын басқан нағашысы Қажығалидың отбасында алаңсыз өскен Бердіғали мектеп бітіріп, арнайы білім алды. 1937 жылы Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумынан гидротехник мамандығын алып шықты. Күзде Кеңес әскері қатарына шақырылады. Содан, 3 жыл 7 ай әскерде болып, аман-есен елге оралған әкеміз 1941 жылдың қаңтарында жолдамамен Жәнібек ауданына мамандығы бойынша қызмет атқаруға келеді. «Соғыс» деген суық хабар жеткенде әкем 1941 жылдың 27 шілдесі күні ел қорғауға  аттанады.

Чукаков

Ол ұзын бойлы, денелі, әдемі кісі еді. Орысша-қазақша сөйлейтін, сауатты адам болатын. Аздап ән айтып, шахмат ойнайтын өнері бар еді. Арғы аталарына көріпкелдік, сынық салу да қонған. Сырт көзге сұсты көрінетін әкем біз үшін ең жақын, ыстық адам еді. Анам Нұрлы екеуі бір ұл, бес қыз өсірді. Соғыс жылдары трактордың құлағында ойнаған анам үй іші ісіне мығым, іс тігуге шебер еді. Ол кісілер бізге ақ пен қараны ажыратуды үйретіп, жақсы тәрбие берді.

Соғыстан соң, 1946 жылдың қазанында бейбіт өмірге оралып, өз мамандығы бойынша жұмысқа кіріскен әкем Казталов ауданында ұзақ жылдар бойы гидротехник, инженер-мелиоратор болып, шөл-шөлейтті далаға өмір нәрін жеткізуде елеулі еңбек етті. Сондайда үйдегі шаруа бізге қарап қалады. Ауылдастары «Су патшасы» деп aтап кеткен әкем іссапарға көп шығушы еді. Аулада оншақты мал, бау-бақша бар. Мен қолыма айыр-күрек ұстап, ер баладай шалбарланып алып мал қараймын. Сол ер мінезділігімнен болар, әкеммен еркін әңгімелесуші едім. Соғыс жайлы сұрағанда әкемнің көңілі бұзылып, қатты толқып отыратын. Соғыстың алғашқы айларынан-ақ майданға кірген әкем фашистердің басым күшінен шегіне жүріп, ұрыс салғандағы қиыншылықтарды есіне алғанда, даусы дірілдеп кетуші еді. «Жер үсті көлкіген су.

Бірнеше күн тоқтамастан жауған жаңбырдың астында су кешіп келеміз. Су толып қалған етігімізді шешіп, қонышынан лақ еткізіп төгеміз де, қайта киеміз», – деп еске алатын. Сол жылдары тәулік бойы нәр татпай, қарша бораған оқ  пен зіркілдеген  зеңбіректен атылған снаряд астында жүрген әкем қанды көйлек достарынан айырылғанын жаны ауырып айтатын.  Жаяу әскер қатарында соғысқан ол алғашқыда взвод, содан соң рота басқарған. Көптеген қала-ауылдарды азат етуде жан аямай соғысып, жаралы болып, екі рет госпитальға  жатып шығады. Туған ағасы Жүніс соғыстан оралмады.

Ұлы Жеңісті майдан даласында қуанышпен қарсы алды. Ерліктері үшін  Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен және бас қолбасшы И. Сталин қол қойған грамотамен марапатталған. Бейбіт   өмірде де еңбегі елеусіз болған жоқ.

Волгадан су тартқан Көшім каналында әкемнің ізі  қалған. Ен жатқан далаға су жеткізіп, халықтың алғысын арқалаған, үкімет тарапынан сый-сияпат алған ол 1971 жылы  сәуірде  қайтыс  болды.

Сәуле Бердіғалиқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале