10.05.2023, 14:45
Оқылды: 44

Өмірі өнеге еді

Соғыстың өрті шарпыған жылдары Қаратөбе өңірінен аттанған ер-азаматтар қас дұшпанмен қаһармандықпен шайқасты. Солардың қатарында жігерлі һәм батыл Ислямғали Жаманғарин  атамыз  да бар.

6e5d592b-cbaf-4a67-b468-a3b310b1920a

Ол 1923 жылы Қаратөбе ауданындағы Сулыкөл ауылының Батпақкөл елді мекенінде  дүниеге келген. Арғы аталарымыз  Дөлке атамыз бен Шабақ әжемізден тараған Оңғар, Ислямғали, Отан есімді бір үйдің үш баласы соғысқа аттанған, Оңғар атты атамыздан 1941 жылы  қаралы хабар келген, Отан атамыз 1950 жылы елге аман-есен оралған.  Ислямғали атамыз 1942 жылы 23 ақпан күні  ант қабылдап,  Одесса жаяу әскер училищесі Орал қаласындағы филиалының  жеделдетілген бес айлық «Выстрел» атты  Уфа филиалының алты айлық  курсын бітірген. Ұрысқа  взвод командирі болып кіріскен. 1943-1945 жылдар аралығында 3-Беларусь майданында пулеметшілер ротасының  командирі болды. Жапон милитаристерімен соғысты. 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айына дейін капитан, пулеметшілер  ротасының командирі болған. 1946 жылы  16 шілдеде  әскерден босатылып, елге оралған. Соғыстағы ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Атамыз елге оралып, еңбекке араласты.  Ауданның дамуы мен өркендеуіне үлес қосты. Партиялық  қызметте жүріп, Алматыдағы жоғары  партия  мектебін де бітірді. 1946 жылы шілде айынан бастап Қаратөбе аудандық Кеңес атқару комитетінің жоспарлау  бөлімінің  экономисі,  сауда бөлімінің инспекторы, 1953 жылы Жымпиты аудандық Алғабас МТС-ның партбюро хатшысы, «Правда» газеті атындағы ұжымшарда партком хатшысы, 1962 жылы «Қалдығайты» ұжымшарында партия комитетінің хатшысы, бір жылдан соң Жымпиты аудандық партия-мемлекеттік  бақылау комитетінің төрағасы болды. 1967 жылы Қаратөбе аудандық атқару комитеті  төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1976 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары  қызметін  атқарды.

Бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегіне орай  ол 1957 жылы «Тың және  тыңайған жерлерді игергені үшін», 1966-1970 жылдары  екі мәрте  «Еңбектегі  ерлігі үшін» және соғыс ардагері ретінде төрт-бес мерекелік  медальмен  марапатталды. Аяулы жары  Жұма Каринамен  отбасын құрып, Мұрат, Мәлік, Алтай, Бейбіт атты ұлдары мен Мәнсия, Әлия, Ғалия атты қыздарын тәрбиелеп өсірді. 1983 жылы қазан айында 61-ге қараған жасында қызмет орнында кенеттен қайтыс болды. Атамыздың қайсарлығы өскелең ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Биыл  туғанына 100 жыл толуына орай ол туралы тілге тиек етіп, жас ұрпаққа дәріптеуді жөн көрдік.

 

Талғат, Дулат, Саламат, 

Нұршат, Ажарбек Жаманғариндер, 

немерелері, Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале