Казталов ауданы орталығында заманауи ІТ орталығы мен «IM cinema» фотостудиясы ашылды.
«Данагүл» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі, аудан мен облысқа танымал кәсіби фотограф Мерхат Ибатовтың бастамасы ауыл балаларына ІТ білім беру мен фото-видео қызметтер көрсетуге бағытталған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы аясында ашылған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.
Орталық құрылысы 2021 жылы басталды. Дегенмен, құрылыс жабдықтарының қымбатшылығы, коронавирус індетінің салдарынан құрылыс тоқтап қалған болатын.
Әйтсе де, жеке кәсіпкер Мерхат Ибатов «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржыға өз қаражатын қоса отырып, 2023 жылы құрылысты қайта жандандырып, заман талабына сай халыққа қызмет көрсететін орталық ашып отыр.
- Бұл ғимараттың құрылысын ауыл азаматтары жүргізді. Фото студияға және орталыққа қажетті жабдықтарды ауыл азаматтары да өз қолдарымен жасады. Осы тұста мақсатымыз жергілікті өнімді, ауыл азаматтарын қолдау болды. Қазіргі таңда ІТ орталықта ауыл балаларын оқытуға арналған құрал-жабдықтар, жаңа фотоаппарат, видеокамера, дрондар толығымен алынып, білікті мамандарды жұмысқа тартып отырмыз. Алдағы уақытта балаларға сапалы білім беріп, халыққа заман талабына сай қызмет көрсетеміз, - деді кәсіпкер.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жаңа нысанның ашылуымен аудан халқын құттықтап, жылы лебізін білдіріп, орталыққа естелік сыйлық табыстады.
Сонымен қатар, аудан басшысы орталық жұмысымен танысып, Мерхат Жеңісұлы өз жоспарларымен бөлісті.
Алдағы уақытта ІТ орталықта білім алуға ниеттенген балалар үшін оқу ақысы мен мерзімі, фотостудияның қызмет құны жарияланады. Орталықта оқушылар компьютерлік технологияны меңгеріп, фотограф және мобилограф болуға машықтанады.
Асылбек Нәсіпқали,
Фотоға түсірген автор
Казталов ауданы
zhaikpress.kz