3 мамыр күні санавиациямен Астана қаласына жіберілген 56 жастағы науқас 14 мамырда көз жұмды.
Жаңажол газ кешеніндегі өрт кезінде төрт адам ауруханаға түсіп, бүгін біреуі көз жұмды. Өзге жұмысшылар Астана және Ақтөбе қаласында емделіп жатыр.
Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы газ зауытындағы өрт 1 мамыр күні болды. Өрт 14 сағаттан соң сөндірілді. Көп ұзамай қылмыстық іс қозғалып, өрт кезінде күйік шалған төрт жұмысшы ауылдан қалаға жеткізілді
«Үш науқас Астанаға жіберілсе, біреуі Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдады. Ақтөбедегі науқастың жағдайы тұрақты. Ал 3 мамыр күні санавиациямен Астана қаласына жіберілген 56 жастағы науқас 14 мамырда көз жұмды. Оның денесінің 70-75 пайызын күйік шалған. Яғни, тыныс алу жолы да зақымданды. Оны компания өкілдері Ақтөбеге жеткізеді»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Еске салсақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның ресми сайтында әкімшіліктің мәліметі жарияланды.
«Жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде құбырдан газ шығып, оның арты өртке ұласқан. Ол кезде диаметрі 219 мм болатын газ өткізу құбыры жөнделді. Құбыр резервте тұрды, яғни жұмыс істеп тұрған негізгі құрылғыдан ажыратылған еді. Өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес оқиға орнына «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің өрт сөндірушілері шақырылды. Өрт 2 мамыр күні сағат 6:20-да толық сөндірілді. Өкініштісі – дайындау цехының жұмысшыларын күйік шалды. Акционерлік қоғам зардап шеккен әр жұмысшыға 1 млн теңге материалдық шығын төлейді. Ал өрттің шығу себебі мемлекеттік комиссия тексеруінен соң анықталады. Жаңажол мұнай-газ кешенінде магистральды газ құбырына арналған тауарлы газды жеткізу шұғыл түрде қалпына келтірілді. Сонымен бірге, сұйытылған газ өндіру және жеткізу жұмысы реттелді», - деп жазылған хабарламада.
halyq-uni.kz