Бүгін Казталов аудандық мәслихатының кезекті 5 сессиясы өтті. Кезекті сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова аталған бөлімнің және Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының Казталов ауданының 2022 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есебін баяндады. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігіне 10 748 352,0 мың теңге қаражат жоспарланып, 10 637 874,3 мың теңге игеріліп, жоспар 99 пайызға орындалған. Ал, 110 477,8 мың теңге қаражат игерілмеген.
- Соның ішінде республикалық трансферттен 110 195,4 мың теңге, облыстық трансферттен 145,5 мың теңге, жергілікті бюджеттен 136,8 мың теңге игерілмеген, - деді бөлім басшысы.
Бүгінгі сессияда халық қалаулылары Казталов аудандық мәслихатының Казталов ауданы бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекітті.
- Жоспар жайылымдарды ұтымды пайдалану, жемшөпке қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбау мақсатында қабылданады. Жоспарда жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қараудың жай-күйі туралы мәліметтер, ветеринариялық-санитариялық объектілер туралы мәліметтер, иелерін - жайылым пайдаланушыларды, жеке және заңды тұлғаларды көрсете отырып, ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы деректер, ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері мен жыныстық жас топтары бойынша қалыптастырылған үйірлердің, отарлардың, табындардың саны туралы деректер, шалғайдағы жайылымдарда жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын қалыптастыру туралы мәліметтер, екпе және аридтік жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ерекшеліктері, малды айдап өтуге арналған сервитуттер туралы мәліметтер, мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар берген өзге де деректер ескерілді, - деді аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Әли Қадержанов.
Ауданымыздың жалпы жер көлемі көлемі 1 860 581 гектарды құраса, оның ішінде жайылымдық жерлер – 871 165,3 гектар. Аудандық мәслихат төрағасы округ әкімдеріне жерді пайдалану мәселесі бойынша есептік жиындар өткізу қажет екендігін ескертті.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жайылымдарды басқару және оларды пайдаланудың екі жылдық жоспары бекітіледі. Бұл жерді тиімді, әрі мақсатты пайдалану үшін қолайлы. Жалпы округ әкімдері жайылымдық жерді басқару мен оны пайдалану мақсатында жергілікті қауымдастық мүшелері, шаруа қожалық жетекшілерінің қатысуымен есептік жиындарын өткізуі керек. Осы негізде ауданымыздағы жерді басқару мен пайдаланудың жоспары бекітілуі қажет. Бұл қолданыстағы заңда қарастырылған, - деді Сәрсенбай Меңдіжанұлы.
Сессия жұмысында аудандық мәслихаттың «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының атқарған жұмысының есебі тыңдалып, аудан бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелері бекітіліп, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қаңтардағы №28-5 «Казталов аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы», аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №28-2 «2023 жылға арналған Казталов ауданы бойынша кондоминиум обьектісін басқаруға және кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күтіп –ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы», аудандық мәслихатының 2015 жылғы 16 наурыздағы №32-4 «Казталов ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы» шешімдеріне өзгеріс енгізілді.
Жиында аудандық мәслихат депутаттары өздерінің сауалдарын қойды. Мәселен, депутат Мәди Меңдешов «Ауыл аманаты» жобасының критерийлеріне назар аудару керектігін ұсынып, көгілдір отын мен Жалпақтал ауылындағы жаңадан салынған тұрғын-үйлердің кәріз жүйесін қалпына келтіру жөніндегі мәселені алға тартса, депутат Серікбол Қадемов 2022 жылы қараша айында жұмысын тоқтатқан Көктерек ауылындағы мектеп жанындағы интернаттың жылыту жүйесі қажет екенін баса айтты. Ал, депутат Дархан Аябалиев Талдыапан облыстық маңызы бар жол мен Талдыапан ауылына қатынайтын 18 шақырым жолды күтіп ұстау мәселесін көтерді.
Аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев депутаттар көтерген мәселелер бойынша бірқатар бөлім басшыларына ұсыныстарын айтып, алдағы уақытта сессия отырысында бұл мәселелер қаралатынын жеткізді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталовка ауданы,
zhaikpress.kz