25.05.2023, 12:00
Оқылды: 33

Аналар мен қыздар сынға түсті

С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Қыз еркем, анасымен көркем» атты аудандық байқау өтті. Байқауда ауданымызға қарасты Қарасу, Қараоба, Қараөзен, Қайшақұдық, Жұлдыз және Ақпәтер ауылдарынан келген жас аналар өздерінің қыздарымен бірге өнер сынына түсті. Байқауға Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің жетекшісі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Нұрия Хабибуллина, аудандық аналар кеңесінің төрайымы — Күнсұлу Шақанаева және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Ботагөз Айтмағамбетова әділ төрелік етті.

казталов (1)

Байқау төрт кезеңнен тұрды.

«Сәлем — сөздің анасы» деп аталатын алғашқы кезеңде сайыс қатысушылары ән, қарасөз және өлең арқылы өздерін таныстырды. Таныстыру мәтініне сай сурет пен бейнекөрсетілім көрсетілді.

Екінші кезең «Ана көрген тон пішер» деп аталып, бұл кезеңде қатысушы аналар мен қыздар үйден жартылай дайындап әкелген қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, жасалу жолын айтып өтті. Бейнекөрсетілім арқылы бұйымның жасалу барысы көрсетіліп, қалған бөлігін қатысушылар сахнада аяқтап көрсетті.

«Әдемі менің әлемім» деп аталатын үшінші кезеңде қатысушылар шашбау тағу, шаш өру, қазақи нақыштағы заманауи қонақ киім, орамал тағу үлгісін көрсетті.

казталов (2)

Ал байқаудың төртінші кезеңінде аналар қыздарымен бірге жұптық өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.

Сайыс соңында байқауға қатысушы отбасыларға жетекшілік еткен мәдени қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етілді. Ана өнегесінің асыл дәстүрін дәріптеген байқауда қазылар шешімімен қатысушы отбасыларға түрлі аталымдар бойынша дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді.

казталов (3)

Атап айтсақ, қайшақұдықтық Перизат Құрманаева мен қызы Айым Борис «Инабатты ана, ибалы қыз» аталымен, жұлдыздық Гүлдәурен Садықова мен қызы Мейірім Маратқызы «Шебер ана, ісмер қыз» аталымымен, ақпәтерлік Гүлжамал Меңдіғалиева мен қызы Альмира Меңдіғалиева «Сымбатты ана, сүйкімді қыз» аталымымен мараппатталды.

казталов (1)

Байқауға үлкен жауапкершілікпен, тыңғылықты дайындықпен қатысқан қараөзендік Кәмшат Диярова мен қызы Инабат Сағынгерей ІІІ орын, қарасулық Эра Қожанова мен Айзада Қапсих ІІ орын иеленсе, І орынды қараобалық Әдемі Камалова мен қызы Ақбота Мереке жеңіп алды.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале