26.05.2023, 13:00
Оқылды: 58

Оралда 130 бала полиция бөлімшесіне жеткізілді

Орал қаласында Ювеналды полиция қызметкерлері 10 күн ішінде 130 баланы полиция бөлімшесіне жеткізген. Баланы түнгі уақытта көшеге жалғыз жібергені үшін олардың ата-аналарына әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама толтырылған.

бала

«Күн жылынғалы үйден кетіп қалатын балалар саны өсіп отыр. Олардың ата-анасы полицияға хабарлайды. Біз баланы іздеуге кірісеміз. Біздің мақсат баланы қалай да аман-есен тауып, отбасына қайтару. Ата-аналар бала тәрбиесіне мұқият болса екен», - дейді Орал қ.ПБ ЖПҚ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Мадина Құспанова.

Рейд кезінде полиция өкілдері түнгі уақытта көшеде ата-анасыз жүрген балаларды тексеруде. Рейд басталған 10 күннің ішінде 300-ден астам құқық бұзушылық тіркелген.

по

Рейд 15-28 мамыр күндері өтеді.  Кәмілетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу  және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында рейдтік шара өтеді.

Алдымен полиция өкілдері Деркөл шағын ауданына барды. Бір айта кететіні Ювеналды полиция қызметкерлері көшедегі әр баланы жатқа таниды. Тіпті ата-анасының, мұғалімдерінің аттарына дейін жатқа соғады.

«Күндіз-түні осы балалардың соңында жүреміз ғой, тәртібін, оқу үлгеріміне дейін білеміз. Түнгі 11-ге жақын көшеден балаларды үйге қайтаруға асығамыз. Бала түнде жалғыз жүрсе бірденеге ұрынып қалуы әбден мүмкін ғой», - дейді қызметкерлер.

Кейін полицейлер Ы.Алтынсарин көшесінде тұратын көпбалалы әйел адамның үйінде болып, түсіндіру жұмысын жүргізді.

әйел

Ол әйел көпбалалы, жалғызбасты ана.

14 жасар қызы үйден жиі кетіп қалып тұрады екен. Кеше рейдтік шара кезінде де 14 жасар қыздың үйде емес екендігі анықталды. Анасы полиция қызметкерлеріне «Қызым тыңдамайды, мектептен де хабарласып жатыр» деген уәжін айтты.

Айта кетейік, әйел адамның өзі де, қызы да полицияда есепте тұр екен.

Орал қ.ПБ ЖПҚ Ювеналды полиция бөлімінің  бастығы Мадина Құспанова бастаған полиция өкілдері қаладағы компьютер клубтары, ойын алаңдары, ойын-сауық орталықтарын аралады.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале