30.05.2023, 18:44
Оқылды: 26

БҚО: Ақпәтерлік жас табиғи таза тыңайтқыш өндіріп отыр

Топырақты органикалық заттармен тыңайту көпшілік үшін бас ауыртар мәселеге айналғалы қашан?! Бірақ, мұны шешудің балама жолы бар. Ол — калифорниялық құрттарды пайдалану әдісі. Күнделікті малдың көңі мен бау-бақшада кездестіретін түсі қызыл, кәдімгі жауын құрттан айнымайды. Бұл жалпы табиғи таза органикалық тыңайтқыш - биогумус өндіру.

IMG_20230530_183110

Биогумус дегеніміз не?

Биогумус – ауыл шаруашылығындағы органикалық қалдықтарды, тұрмыстық қалдықтарды, өсімдік қалдықтарын, жапырақтарды, шөптерді​ және малдардан шыққан көң қалдықтарын калифорниялық құрттар көмегімен қайта өндірілген табиғи таза тыңайтқыш. Яғни, калифорния құрты қалдықтарды жеп, өзінен биогумус шығарады. Ол өз есебінде ең күшті табиғи таза тыңайтқыш.
«Естімеген елде көп» дегендей, жаңа жобаны Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылындағы жас - Досым Махамбетов бастап жатыр. Табиғи таза өнім ауыл шаруашылығы үшін таптырмас дүние. Ауылдағы үйінің ауласынан биогумус өндіруді қолға алған жаңашыл жас бұл өндірістің қыр-сырымен бөлісті.

IMG-20230530-WA0256

— Бұл бизнесті бастау үшін бастапқыда калифорниялық құрттарды сатып алу керек. Құрттарды Алматы облысы Қарасай ауданындағы шаруа қожалығынан сатып алдық. Кәсібімді бастауға шамамен 500 000 дана калифорниялық​ құрттың шылаушынын алдым. Шылаушындарды жыл бойы жұмыс жасату үшін арнайы қоймамыз бар. Сонда олар жыл 12 ай жұмыс істейді.
Биогумус өндіру үшін барлық қалдықтарды жинаймыз. Сол қалдықтарға калифорниялық құрттарымызды жібереміз. Ауылда не көп, малдың көңі көп.

20230526_144122
Субстрат бес алты​ ай шамасында өңделеді. Субстратты үнемі 80 пайыз ылғалды етіп тұрған дұрыс. Құрттарға тиімді жағдай жасалуына байланысты саны 5-10 есеге дейін көбейеді.
500 мың калифорниялық құртымыз 1 тонна қалдықты 8-10 күн ішінде өңдеп, табиғи таза тыңайтқыш биогумусқа айландырып тастайды.​ Қалдықтарды калифорниялық құрттарға берерден алдын ала 1-2 ай қалдықтарымызды компосттау процесінен өткіземіз. Себебі қалдықтар құрамында құрттарға ұнамайтын зиянды нитраттар бар.​ Ол үшін көңді биіктігін 1 метр енін 2 метр ұзындығын 10 метр қылып​ бір жерге жинап,​ үстіне қалдықтарды тез ашытуға арналған бактерияларды құямыз. Көңнің үстін жауып қоямыз. Компосттау кезінде пайда болған жылу төбеге көтеріліп кетпеуі қажет. Ылғалдылығын күн сайын су шашу арқылы 80 пайызда, 1-2 ай бойы ұстап тұрамыз. 15 күн өткеннен кейін бактериялар күшімен қалдық ішіндегі температура 50-60 градусқа дейін жетеді және тез ашу процесі басталады. Бактериялар болмаса ашу процесі 1-2 жылға созылып кетуі мүмкін. Сондықтан бактериялар пайдаланамыз.

20230526_144247
Биогумустың артықшылығы бұл өніммен өңделген өсімдіктер жақсы күйде болады. Топырақтың құнарлығы артып, өсімдіктердің өнімділігі 45-50 пайызға дейін жоғарлайды. Бұл ғылыми негізде дәлелденген, - дейді жас жігіт.
Расында, әртүрлі химиялық, зиянды тыңайтқыштарға қарағанда табиғи таза өнімді пайдаланған дұрыс. Биогумус бау-бақша, егістік еккен дихандар үшін өте тиімді өнім. Әзірге табиғи таза өнімді өндіруді өз қаражатына бастаған Досым алдағы уақытта қаржылай қолдау болса, өндіріс көзін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале