30.05.2023, 20:18
Оқылды: 21

Тарихи-танымдық экспедиция басталады

Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауданымыздың тарихшыларымен кездесті.

20230530062245_IMG_8864

Жиында ауданымыздың тарихи-мәдени дамуындағы өзекті мәселелер талқыланып, «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясының таныстырылымы өтті.
Жиында аудан тарихының өткені мен келешегі талқыланып, саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Соңғы уақытта тарих ғылымының да кенжелеп бара жатқаны сала мамандарын да алаңдатып отыр. Олар тұтас мемлекеттің тарихын жазу үшін ауылдар мен елді мекендердің де тарихына аса мән беру керек екенін жеткізді. Өйткені ауылдағы ағайынның да тың деректері, айтары бар. Ал оны зерттеп, зерделеу ісі бүгінге дейін қолға алынбағаны өкінішті.

20230530063517_IMG_8869
Тарихшылармен өткен кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясы жөнінде хабарлап, мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
-Аудан тарихын зерделеу, аңыз-әңгімелер, әпсаналар, жер-су атауларының шығу тарихын және ауданымыздың көрікті аймақтарын зерттеу мақсатында аталған жобаны қолға алдық. Экспедицияның бірінші кезеңі 7-8-ші маусым, екінші кезеңі 14-15-ші маусым, үшінші кезеңі 20-21-ші маусым аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Алғашқы кезең 411 шақырым, екінші кезең 570 шақырым, үшінші кезең 417 шақырымды құрайды. Экспедиция қорытындысына сәйкес ауданның тарихы жөнінде жинақ жарық көреді, - деді бөлім басшысы.
Жиында аудан аумағындағы зерттелмеген қорымдар, жер-су атауларының шығу тарихына қатысты тың деректер мен зерттеу жұмысы жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды. Тарихшы ұстаздардың бір тобы археологиялық қазба жұмысына, тарих ғылымына маманданған ғалымдарды шақырып, меморандумға отыру керектігін айтса, енді бір тобы аудандық экспедиция арқылы да құнды мәліметтерді жинақтауға болатындығын жеткізді.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жиында көтерілген мәселелердің орынды екендігін ескере отырып, бірқатар тапсырма берді.
-Ауданымыздың тарихын түгендейтін жоба жасақтадық. Жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, оқушылардың да ғылымға, білімге деген қызығушылығын арттыру керек. Осы мақсатта да аудандық жоба жасақтауға ұсыным берілді. Оған сәйкес, белгіленген мерзімде 30 кітап оқыған оқушыларға қаржылай сыйлықтар беріледі. Бұдан бөлек оқушылардың тарих ғылымы саласында да республикалық олимпиадаларда жүлделі орынға ие болуына жағдай жасап, дайындықты арттыру қажет, - деді аудан басшысы. Сонымен қатар мектептердегі мұражайлардың жұмысын жандандыру, аудан тарихына қатысты кітап шығару жөнінде де тапсырма берілді.

IMG-20230530-WA0319
Жиын соңында аудан әкімі тарихшыларға ризашылығын білдіріп, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві КММ-нің Жалпақтал филиалының директоры Миржан Қарабалинге БҚО Қоғамдық даму басқарма басшысы орынбасарының алғыс хатын табыстады.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале