Аудан әкімі Марат Тоқжанов Көшім ауылдық округіндегі құрылыс нысандарын аралап, сапаны назарға алып жұмысқа қарқын қосуды тапсырды.
Алдымен Болашақ және Өркен ауылдарының кіреберіс жол құрылысын тексерді. Болашақ ауылында ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын кірме жолды жөндеу жұмыстары қыза түскен. «Теплоэнергострой» ЖШС мердігерлік ұйымымен шарт жасалып, «Нұралим Құрылыс» ЖШС-і техникалық қадағалау қызметін көрсетуде. Қазіргі таңда жол қабатын профильдеу ісі аяқталып, құм-қиыршықтас қоспасын төсеуге көшкен. Маусым айында беткі қабатын қайта өңдеу жүргізіледі.
Ал Өркен ауылына кіреберіс жолдың 14,6 шақырымының үстіңгі қабаты өңделіп, бүгінде 2,5 шақырымға асфальт-бетон жабындысы төселуде. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына аталған нысандарды жоспарлы мерзімде табыстауды, қаржының игерілуі және құрылыс процесін қоғамдық бақылаушылармен бірге ұйымдастыруды міндеттеді.
Өркендегі су құбыры құрылысын «КазЕвроСтрой» ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталған. Биыл төртінші тоқсанда нысанды аяқтап, халықты сапалы ауыз сумен қамту жоспарда. Бүгінгі күні елдімекенішілік су құбыры желісі мен ұңғымадан су құбырын тарту жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте бірінші және екінші көтеру сорғы станцияларының құрылысы тұр. Бұл жобалар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Күні бүгін Өркен ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысының 20 пайызы аяқтала келген. Қазіргі таңда білім ұясының қабырғасы көтерілуде. Кейін төбесін жауып, су тарту жұмыстары жүзеге асады. Құрылыс басында 20 шақты жұмысшы еңбек етуде. Оның алтауы жергілікті ауыл тұрғындары.
- Құрылыс уақытының сәл кешеуілдеуіне себеп: көктемгі су тасқыны қаупінің күшейіп, жолдардың жабылуы. Соған байланысты құрылыс материалдары дер кезінде келіп үлгермеді. Алайда бүгін істі тездету қарастырылып, білім нысанын 1 қыркүйекке дейін табыстауды көздеп отырмыз. Жұмыс барысы тұрақты қадағалауда, - дейді тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Ерлан Божкенов.
Аталмыш нысанды аралап шыққан аудан басшысы ауыл халқымен жүздесіп, өркендіктердің ұсыныс-тілегін тыңдады. Газ, жол, су мәселесінің шешімін тапқанына риза жергілікті тұрғындар алақандай ата қоныстың ажарын арттырып, «Үлгілі ауыл» жобасына енуге ниетті.
- Өнегелі аға толқынның ізінен ерген жас буын жетерлік. Яғни, ауылдың болашағы бар. Сондықтан су жаңа мектеп салудамыз. Ауылдағы ағайында бірлік болса, абаттандыру жұмысы алға басады, - деді Марат Лұқпанұлы.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz