Бөрлі аудандық емханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесін түсіндіру бойынша медицина қызметкерлерінің басын қосқан жиын өтті.
Шараны ашқан ауданның бас дәрігері Ж.Шайхиев медициналық сақтандыру жөнінде жалпы мағлұмат беріп өтті.
Жиынға қатысушыларға облыстық департаменттің бөлім меңгерушісі Құртқа Батырниязова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі екенін атап өтіп, жаңа жүйенің маңызы мен қағидалары жөнінде кең ақпарат берді.
2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Бұл жүйе жарна төлеушілерге уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсынуды қамтамасыз етпек. Баяндамашы айтып өткендей, денсаулық сақтау саласында осы жүйені қолданып отырған дамыған елдердің көпшілігі жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Шараға қатысқан ақы төлеу бөлімінің басшысы Рысқаным Құсманова да әріптесінің сөзін жалғап, жан-жақты ақпарат айтты. Медицина қызметкерлері мамандарға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Ясипа РАБАЕВА
Бөрлі ауданы