– «Орал өңірі» газеті – біздің команданың жеңіс-жетістігін жанкүйер қауымға әрдайым уақтылы жеткізіп отыратын басылым. Егер әлдебір ойында жеңіліп, сәт-сіздікке ұшырасақ, газет тілшілері жігерімізді жанып, тұлабойымызға тың күш-қуат құятын мақала-материалдар жариялап, жеңіске жетелей түседі. Сонымен қатар редакция басшылығы өз алаңымызда өтетін ойындар қарсаңында «Бүгін – футбол!», «Ертең – футбол!» немесе «Алаңға кел, ағайын!» деген атаулармен шұғыл ақпарат таратып, жанкүйер қауымды жедел құлақтандыруды да үнемі ескеріп отырады.
Ал алаңға қолдаушыларымыздың көп келуі біздің жауапкершілігімізді еселеп, өрнекті ойын көрсетуімізге құлшынысымызды арттырады. Оның үстіне стадионда жанкүйерлер қарасының мол болуы – «үйдегі» ойындарды ұйымдастыруға қажетті қаражатты қамтамасыз ететін кіріс көзінің бірі.
Жалпы, «Орал өңірінің» спорт тақырыбын тұрақты қамтуы, бұқаралық спорттың кең қанат жая түсуіне үнемі мүдделілік танытуы, саламатты өмір салтын жүйелі насихаттауы маған ерекше ұнайды. Сол себепті облыс спортшыларын «Орал өңірі» газетіне жаппай жазылып, осы басылымның тұрақты оқырманы болуға шақырамын!
Редакциядан:
Танымал футболшы Бауыржан Омаров осы аптаның сейсенбісінде редакцияға аяқтай келіп, биылғы жылдың екінші жартысына «Орал өңірі» газетіне өзіне қоса, екі еңбек ардагерін өз қаражатына жаздырды.