8.06.2023, 11:45
Оқылды: 38

Мемқызметшілер – «Білімділер додасында»

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Соған орай сейсенбі-сәрсенбі күндері Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің cтуденттер сарайында «Білімділер додасы» өтіп, онда облыстың мемқызметшілері бақ сынады.

000-96
Байқаудың іріктеу кезеңіне өңіріміздің аудандары мен Орал қаласынан, жалпы 15 команда қатысты. Доданы Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ұйымдастырды.
Іс-шараны аталмыш университеттің ректоры Әліби Баяхов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іріктеу турының алғашқы күні Оралдың «Жайық шаһары», Жаңақала ауданының «Жаңақала», Казталов ауданының «Қос өзен», Жәнібек ауданының «Жәнібек» командалары және Бөрлі ауданының «Қарашығанағы», Бәйтерек ауданының «Бәйтерегі», Қаратөбе ауданының «Қаратөбе» құрамалары өзара сынға түсті.
Додада тарихи-танымдық бағыттағы логикалық сұрақтар қойылды. Мысалы, «Күйеудің болашақ жарына көптің көзіне түспей, жасырын келуін ұрын келу десе, қыздың атастырылған күйеуін көру дәстүрі қалай аталады?» деген сұрақ болды. Жауабы: қыз қашар дәстүрі. Сол секілді «Бұл жануардың құлағындағы қылшықты шашағы мен сәнді мұрты қай тұқымдас екенін нақты көрсетіп береді. Бұл жануардың ұрғашысын ілбиін, күшігін мәшін деп атайды. Сұрақ: «Құстардан құр мен шілді қорек ететін жануарды ата?» деген де сауал қойылды. Жауабы сілеусін екен. Сондай-ақ ортаға қара жәшік те әкелініп, ішіндегі затқа қатысты жұмбақ жасырылды.
«Үскінің көп тармағы,
Қара орманды шарлады.
Қисықтарын түзеді,
Теп-тегіс түз еді».
«Жұмбақтың жауабы қара жәшікте тұр. Бұл не?» деген де сұрақ қойылды (жауабы, тарақ). «Бұл нәрсені жеген сайын адам жылайды. Ол не?» деген сұрақтың жауабын да қатысушылар таба алмады. Жауабы: таяқ екен. Осындай логикалық сұрақтар қойылды.
Дода қорытындысында финалға Казталов, Қаратөбе, Жаңақала, Тасқала және Ақжайық ауданының командалары өтті. Мемқызметшілер арасындағы сайыстың түбегейлі жеңімпаздары 16 маусым күні анықталмақ.

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале