Бүгін Деркөл кентінің «Деркөл мәдени-демалыс саябағында» Батыс Қазақстан облысы бойынша «Жасыл Ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтары ХІХ еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен жоғары оқу орындарының және мекеме басшылары, белсенді жастар мен волонтерлар қатысты.
«Жасыл Ел» бағдарламасы – 15 жылдан астам тарихы бар жастар саясаты саласындағы негізгі қозғалыстардың бірі. Бүгінгі таңда облысымызда 25 мыңнан астам жас аталмыш қозғалыс мүшесі болып, мерзімді жұмыспен қамтылды.
«Жасыл Ел» бағдарламасы – Қазақстан жастарының жұмысқа орналасуы үшін бірегей және өзекті мүмкіндік. Биыл бағдарлама аясында облыс бойынша жұмыспен қамтылатын жастар саны экологиялық бағыт бойынша 1 175, ал құрылыс жасағы бойынша 500 адамды құрайды.
Еңбек жасақтарына 16 мен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, студенттер мен NEET cанатындағы жастарды маусымдық жұмыспен қамту көзделіп отыр. «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарымен маусымдық жұмыстар Орал қаласы мен 12 ауданда маусым – қараша айлары аралығында жүзеге асырылады. Сарбаздар арнайы экипировкамен, құрал-жабдықтармен толық қамтылады.
«Жасыл Ел» жобасы аясында елді екендерді абаттандыру, экологиялық акцияларды, сенбіліктерді ұйымдастыру және өткізу, өзен арналарын тазарту, ағаш отырғызу, экологиялық қоғамдастықтар құру және тағы басқасы бойынша жұмыс атқарылады.
Жұлдыз Бақтыгерейқызы