С.Сейітов атындағы аудандық кітапханада осындай атаумен тағылымды кездесу өтті. Бұл шара өзіне тағдыр артқан ауыр жүкті абыроймен арқалап келе жатқан жеке кәсіпкер, аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Ләззат Сейткерееваның мерейлі 55 жасына арналды.
– Затыңыз әйел бола тұра, басыңызға түскен ауыр сынақтарға еш мойымадыңыз, күш-жігеріңіздің арқасында алға қадам басып, ел игілігіне атқарған жұмысыңызға ақжайықтықтар куә. Көп жылдан бері кәсіпкер ретінде ауданның дамуына үлес қосқаныңыз бір бөлек, қазір ауылыңыздан мешіт те салдырып, сауапты іске бастамашы болдыңыз. Аудандағы іскер әйелдердің басын біріктіріп, атқарған шаруаларыңыз оң бағалануда. Жерлестеріңіздің сенімін арқалап, әрі олардың қолдауымен аудандық мәслихат депутаты ретінде де іргелі істерге ұйытқы боп жүрсіз, – деген аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов облыс әкімінің және аудан әкімінің құттықтау хаттарын тапсырып, естелік сыйлықтар берді.
Ләззат Мұратқызы қай салаға қызметін арнамасын, әрдайым құрмет пен беделге ие. Оған дәлел – аудандық кітапханадағы жүздесуге ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева, республикалық «Айқын» газеті редакторының орынбасары Гүлзина Бектасқызы мен газет тілшісі, журналист Анар Қоныс арнайы келіп, ыстық құттықтауларын жеткізді.
Кітапхана қызметкерлері А.Бақтыгереваның әйел-ана тақырыбындағы өлеңдерін оқыса, мәдениет үйінің әншілері әсерлі ән әуелетті.
Аудандағы «Шуақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Фархад Уахитовтар кеш иесіне жылы лебіздерін арнаса, Л.Мұратқызының анасы Бақыт Сәрсенқызы мен биыл мектеп бітірген қызы ұйымдастырушыларға ақ алғысын ақтарды.
Колледж студенттері мен еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, кітапхана оқырмандары қатысқан шара ана жайында тамаша әнмен жылы аяқталды.
Әсет Орынғали,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz