13.06.2023, 11:45
Оқылды: 96

Шавхат Әнесұлының замандастары сомдаған портреті (мерейжасқа орай)

 

Кезінде Ақ Жайықта түрлі салада еңбек етіп, кейін қызмет бабымен туған жерден жырақта жұмыс істеп жүрген азаматтар көп қой. Бірақ олардың денін халық «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, ұмытатыны ғажап емес. Алайда қайда жүрсе де, бір кезде ол еңбек еткен өңірдің  адамдары  ұмытпайтын жандар болады. «Баяғыда  бізде  жұмыс істеген бәленшекең қайда екен? Азамат еді-ау, өзі...» – деп отырады. Әрине, олар көп емес, санаса екі  қолдың саусақтарына жетпейтін  аз,  өте  аз! Оларды ұмытпайтыны, ел есінде қалатындай істер тындырғаны. Кезінде халықтың көңілінен шыққандығы. Сондай санаулы жандардың бірі – Шавхат Әнесұлы Өтемісов. Біз бүгін сол азамат  туралы сыр шертпекшіміз. Оған сойылдай себеп те жоқ емес. Шәкең ақсақалдар ауылына ат шалдырып, 60 жасқа толып отыр. Әдетте мұндай кезде журналистер мерейжас иесін түп етектен алып, әңгімеге тартып, сағаттап сөйлетіп, тақымдап терлетіп барып жазады. Адам өзі  туралы  айтқанда, мақтанбауы мүмкін емес екенін біле  тұра, адамның өзін өзіне мақтатамыз... Сосын өзіміз қосыла мақтап, айналғанда, көк аспанның астында, жұмыр жердің  үстінде одан мықты данышпан, одан өткен шандоз жан жоқ деп, «есінен тандырып» жазамыз. Бұл жолы ондай таптаурын  сүрлеуімізден қаштық. Оның  үстіне Шәкеңнің мерейжас жөнінде мақала жазуға қарсы болатынын білдік. Сондықтан «қулыққа» көштік. Біз азаматтың портретін оның замандастары мен тұстастарының сөзімен сомдағымыз келді. Яғни кезінде үзеңгі қағыстырып, иық түйістіріп жақын жүрген, азаматты бір кісідей  көрген-білген,  нағыз  көз көргендерді сөйлеттік. Олар бізге былайша ақтарылып  еді.

Утемисов 2014

Яхия  Чудров, қоғам  қайраткері:

b7e622e7-554e-4cce-ae3f-ad4897c4acc7

– Мен Шәкеңмен сонау жас қайрат-комсомол кезімізден таныспын. Оған да қырық жылдан асып барады... Содан бері досымды бір кісідей білемін десем, қате айтпағаным. Өткен ғасырдың 80-жылдары Шавхат Чапаев (қазіргі Ақжайық) аудандық комсомол комитетінде қызмет атқарып жүр еді. Мен облыстық комсомолдың ұйымын басқаратынмын. Бәріміз де жаспыз. Сыртынан жұмысқа алғырлығын байқап, біліп жүрдік. Күндердің күнінде оны облыстық комсомол комитетіне жұмысқа шақырдық. Келді. Әуелі, ең жауапты бөлім-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Сол жұмысын екі жыл бойы мінсіз атқарып, іскерлігін бірден байқатты. Көп ұзамай, облыстық комсомол комитетінің хатшылығына тағайындалды. Осы жерде Әнесұлының бір қырын айта кетейін. Мен басқа жұмысқа ауысатын болып, орныма оны ұсынбақшы болдым. Сонда не дейсіз бе, ол келіспеді. Шынын айтқанда, басқа біреу болса, алақайлап барар еді. Мен оның лауазым құмар емес екенін байқап, ішімнен риза болғаным бар.Шавхат – өте терең білімді азамат. Оралдың педагогикалық институтында шалқар білім алған, тарихшы. Кеңес үкіметі кезіндегі мектептен тамаша білім алып, жақсы оқыған. Сосын оның ата-анасына үлкен рақмет, қазаққа осындай ақжарылқап азамат бергеніне. Өйткені ұл-қызының маңдайының бағы ата-ана тәрбиесіне тікелей байланысты екеніне сөз жоқ. Адам қай жүйеде ғұмыр кешпесін, қызмет атқармасын ол социалистік жүйе ме, осы заманғы жүйе ме, жүйені адам өзі таңдамайды, керісінше сол жүйеде өмір сүреді. Ал біздің досымызға тағдыр мен өмірдің таңдауы бір  емес, үш дүркін түсіпті. Өзіңіз қараңыз, халық оған үш қайтара сенім артып, Қазақстанның Мәжілісіне қатарынан үш рет депутат етіп сайлапты. Бұл кезкелгеннің маңдайына жазылмайтын, басына қона бермейтін бақ, өте сирек құбылыс. Ал мұндай биікке шығудың алғашқы бастауы жоғарыда мен айтқан мектеп пен ата-анасының тәрбиесінде жатқандығына ешкім талас тудыра алмайды. Шавхат – ішкі жан дүниесінің мәдениеті өте жоғары жаратылған жан. Ар мен ұятты бәрінен бұрын қоятыны ісі мен сөзінен  жарқырап көрініп тұрады. Бұған оның сағатпен, уақытпен санаспай еңбек ететін жанкешті еңбекқорлығын қоссаңыз, адамдардың оны неге құрметтейтінін түсінуге болады. Екеуміз облыс әкімінің орынбасарлары болып, қанаттас еңбек еттік. Сонда бір байқағаным, Шавхат сұмдық еңбекқор еді. Ала таңнан қас қарайып, түн болғанша жұмыс істейтін. Бір қызықты айтайын... Бір күні кабинетіне кірдім. Көйлекшең отыр екен, белбеуіне көзім түсіп кетті. Оны тесе-тесе, тесетін жері қалмауға айналған. Жүдеп, жұқарып, белі бір уыс болған... «Оу, Шәке, мынауыңмен зорығасың ғой» – деп, әзілдеп біраз жерге апардым. Күле береді. Облыс әкімінің орынбасары болғанда Шавхат адамдарды, кадрларды жақсы білетін. Соған орай оларды қызмет бабында жоғарылатуға қаймықпай сенім артты. Сол азаматтер мен азаматшалардың дені  лауазымды қызметтерін әлі күнге дейін атқарып келеді. Облыс әкімінің орынбасары қызметінен ірі аудандардың бірі – Ақжайық ауданына әкім болып қызметке жолданды. Онда да жақсы жұмыс істеді. Халықтың оны сыйлайтындығын барып жүргенімде талай байқадым. Ондай құрметке ол адалдығымен, адами тазалығымен, елге болсын деген тап-таза ниетімен, іскерлігімен ие болған еді. Басқа қызметке ауысқанына орай шығарып салу жиынында аудан халқының орындарынан тұрып, қошемет көрсетіп ұзақ қол соққанын, араларында Шавхатты қимай, көздеріне жас алғандарын естідім. Халықтың ондай құрметіне ие болған әкімдер сирек, ілуде біреу.

Мен осы кезге дейін оның өзінің өмірлік принципіне қайшы келіп, қателесті дегенді көрмек түгілі, естіген жоқпын. Нағыз мемлекетшіл адам дегенді осындай Шавхат сияқты қызметкерлерге қарата айтқан ғой деймін.Тағы да қайталап айтайын, адамның бойындағы жақсы қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Мен досымның абыройының аспандауына, ең алдымен, сол ата-анасынан көрген керемет тәрбиеге байланысты екеніне имандай сенемін. Бағана адам жүйені таңдамайды сонда өмір сүреді дедім. Шавхат мектепте оқыпжүрген оқушы кезінде Мәскеуде өткен комсомолдардың Бүкілодақтық сиезіне біздің облыстан делегат болып қатысқан. Жалғыз өзі. Сол кезде біздің облыстың мектептерінде бірнеше жүз мың оқушы болса, сол әлденеше жүз мыңдардың арасынан таңдау комсомол оқушы Шавхатқа түскен. Ал енді досымыз жайлы бағанадан айтып жатқанда, оның жанұясы туралы айтпасақ, дұрыс болмайды. Жанұясы тіл-көзіміз тасқа, керемет! Жанжары – Майра бір, тамаша жан. Төркіні Шыңғырлаудан. Азаматын ардақтап, барлық бабын табатын бір әйел болса, ол тағы да осы – Майра. Мен құр мақтап отырған жоқпын. Қырық жылдан бері оларды жақсы білгендіктен, екі жақсының бірін-бірі тауып қосылғандығына көзім жеткендіктен  айтып отырмын.

Ғалымдар зерттеп жүріп, бір қызық қорытындыға келген екен. Дүние жүзіндегі ірі компаниялар мен ұйымдарды жасы алпыстан асқандар басқарып отыр дейді. Жәй  басқарып қоймай, жұмысын  дөңгелетіп тұрғандары қаншама?! Сондықтан мен досыма алпысқа келдім деп, тізгініңді тартпа деймін, әзіл-шынымды араластырып. Алпыс жас – қарттық кезеңнің жастық шағы дейді қазекем. Сол рас, оған анау ғалымдардың зерттеуі дәлел. Шавхат Өтемісов елінің, халқының кәдесіне әлі талай жарайтын, әлі талай іс тындыратын азамат! Қазіргі Орталық сайлау комиссиясындағы жұмысы да осал қызмет емес. Онда еліміздің осы қалай деген ең беделді азаматтары еңбек етеді. Шавхат досымыз солардың бірі екендігі біз үшін зор мақтаныш.

*  *  *

Осы арадан сәл шегініс жасайықшы. Шавхат Өтемісов Оралдан етпісірім уақытта жетіп баратын Ақжайық ауылының (бұрынғы Чапаев) тумасы. Сонда 1963 жылы 12 маусымда дүние есігін ашыпты. Сол ауылдағы №1 мектепке оқушы болып барған. Ол кезде көкөрім балақай арада қырық жылдай уақыт өткенде осы ауданның білдей бір әкімі болатынын, сөйтіп, сол ауданның сонау өтпелі кезеңдегі барлық қиындығының қамытын мойнына киетінін, одан соң ҚР Мәжілісіне халық аттай қалап үш дүркін сайлайтынын қайда-а-а-н білсін...

Меңзипа  Жұматова, қоғам  қайраткері:

9bbc43d6-ac6d-4c2c-9602-f0af3d4b3e37

– Шавхат Әнесұлы Ақжайық ауданының әкімі болып, 2002-2006 жылдар аралығында қызмет атқарды. Мен оны облыстық спорт комитетінде, жастардың облыстық басқармасында қызмет істеген кездерінен бастап білетінмін.Төрт жыл бірге жұмыс істедік. Мен ол кезде аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары едім. Аса парасатты, мәдениетті, интеллектуалы өте жоғары жан екенін бірден байқадым. Сол төрт жылда білгенім, қандай мәселені болса да асықпай, сабырмен, салиқалы шешуге тырысатыны. Ешкімге дауыс көтеріп, ұрыспайтын. Болмысы, жүріс-тұрысы, сөз мәнері, ұстамы нағыз мемлекет қызметкерінің үлгісі десем, қателеспеймін. Ол келгеннен кейін көп ұзамай, аудан бюджетіне 90 миллион теңге қаржы түскенін білемін. Мұндай қаржыны бұрын мүлдем көрген жоқпыз, болмаған оқиға. Ал сол тұстағы ауданның халі өте ауыр еді. Тіпті, бәрін былай қойғанда, ең аяғы ауыр науқас жандардың бюллетенін төлей алмай, абдырап жүргеніміз есімде. Азып тұрған әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, бір жасап қалдық. Балалардың шығармашылық орталығы, жастардың демалыс орталығы, спорт мектебі сол Шавхат Әнесұлының кезінде дүниеге келіп толыққанды жұмыс істеп кетті. Азып-тозып тұрған мәдениет үйін күрделі жөндеп, демалыс орталығына айналдырғанымыз есімде. Шәкеңнің бас-көз болуымен, тікелей қолдау-көмегімен ашылып, жұмыс істеген оқушылардың шығармашылық орталығында түрлі үйірмелер ашылды. Онда тәрбиеленген оқушылар кейін облыс қана емес, республикалық байқауларда жүлдеге ие болып оралды. Алтыннан алқа тағып оралғандары қаншама... Балалар мен жас-өспірімдердің туризм және экология  орталығы ашылды.

Ал оның шәкірттері көп ұзамай, облыстық, республикалық сайыстарға қатыса бастады. Бара-бара сол жарыстардан дүркін-дүркін озып, жүлдегер атанып келіп жүрді. Бір қызық айтайын, біздің жақта тау жоқ, кең дала ғой. Ал анау туризм орталығында тағы да сол Әнесұлының көмек-қолдауымен басқа да толып жатқан үйірмелермен қатар балаларды тау туризміне үйрететін үйірме ашылды. Мұнда жаттыққан оқушылар республикалық жарыстардың талай рет жүлдегері атанып, Ақжайық ауданының атын аспандатты.

Бұлар ауданда әкім болған Өтемісовтің өрелі істерінің бір парасы ғана, қайсыбірін айтайын, Ақжайықты марқайтқан Шәкеңнің қай салада болмасын, шырайлы шаруалары көп қой... Тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы саласында талай жоталы істер тындырды.

Бір күні иесіз, қаңырап, тоналып, алқам-салқам, азып-тозып қалған машина шеберханасына бастап барды бізді. Оны аралап көрген әкіміміз «Біз мұны интернат жасаймыз» – дегенінде шынымды айтайын, таңғалдым. Ауданда 1994 жылы дарынды балаларға арналған мектеп гимназия ашылған еді. Жанында оқушылар жататын интернаты болмады. Содан әлгі шеберхананы жөндеп, іші-сыртына еуроүлгімен күрделі жөндеу жүргізгенде интернат көрген кісінің көзін суырып, жұтынып шыға келді. Су жаңа мүлік, жабдықтар алынып, орнатылды. Интернат ашылып, оған ауылдан келіп оқитын оқушылар орналасып, мәз-мейрам болды. Спортзалы, моншасына дейін қайтадан салынған еді. Айтпақшы, сол кезде Шавхат Әнесұлы аудан орталығынан қазақ орта мектебіне жаңа ғимарат  салып берсек деп армандайтын. Ол кезде орыс мектебі су жаңа ғимаратқа көшіп, қазақ тілінде оқитын балалар анау босаған ескі мектепте оқып жатты. Әлгі мектепті ашу үшін жаны қалмай жүгірді. Облыс өз алдына республикаға, министрліктерге дейін барудан талмады. Депутаттарды қосты. Ақыры, сол мектептің ашылуына үлгермесе де, тиісті құжаттарын сайлап, құрылысын бастап, бітіруге жақындатып кетті. Сөйтіп, арманына жетті. Тағы бір мәселені айтайын, жасыратыны жоқ, біздің қазақ қолына билік тисе, бауырларын, ағайынтумасын, достарын, руластарын жұмысқа тарта бастайды. Ал Шәкең болса, әкім болуымен құттықтай келген ағайын тумаларына, жақын достарына «Менің тілегімді тілесеңдер, алдыма қызмет, тағы да басқалай нәрселер-ді сұрап келмеңіздер» – деп талап қойыпты. Және сол жолдан айнымай кетті. Бұл – кристалдай таза жандардың ғана қолынан келетін қасиет.

Әкесі Әнес ағамыз ауданда қатардағы өрт сөндіруші болып еңбек етті. Әнекең зейнетке шыққаннан кейін аудан жастарын имандылыққа баулуда біздерге көп көмектесті. Өзі де иманы таза, жан дүниесі кең  адам  еді.

Ғайса  Қапақов, облыстық  аумақтық сайлау  комиссиясының төрағасы:

Г.Капаков_2023

– Мен Шавхатпен комсомолда жұмыс істеген кезімізден таныспын. Обкомкомсомолда жүргенімде ол аудандық комсомол ұйымында істеді. Кезінде үлкен қызметтерде істеген бір ақсақал айтып еді. «Бақыт деген не? Ол сенімен бір кезде қоластыңда жұмыс істеген қызметкердің көптен көрмей, аяқ астынан кездесіп қалғанда құшақтасып, мәз-мейрам болып қуанса, бақыт деген сол!» дейтін. Мен Шавхатты көргенде ылғи сондай сезімнің құшағында боламын. Сені мәз-мейрам болып келіп, құшақтап көріседі. Жаны, ары таза адамдар осылай істейді. Сол кездің өзінде әр нәрсеге өзіндік ұстамы, көзқарасы бөлек, ерекшеленіп тұратын. Оқушы кезінен комсомолдың сиезіне делегат болғанын бағана жолдастар айтты. Ол сол жиынға қатысып қана қоймай, үлкен ой түйіп келген, оны кейін жастардың арасында бөлісе білген, ал есейіп, жұмысқа тұрғанда көрген-білгендерін әрі қарай дамыта білген жан.Соңынан Шәкең Ақжайық ауданына, мен Зеленовқа әкім болып бардық. Екеуі де үлкен аудан ғой. Айтпақшы, мен облыстық құрылыс басқармасында жұмыс істеп жүрген кезімде Шәкең маған келді: «Ғайсақа, көмектес, Ақжайықтың бес ауылына газ керек» дейді. Тап сол кезде Зеленовтың бес ауылын газдандыру жөніндегі бес жоба дайын тұрған. Әлгіні досым қиылып тұрғасын Ақжайыққа қарай бұрдым да жібердім. Шәкеңнің тілтапқыштығы ғой, әйтеуір, бізді көндірді. Енді кейін Зеленовқа өзім әкім болып барғанда анау жобасы Ақжайыққа кеткен бес ауыл үшін маған талай табалдырықты тоздыруға тура келді. Шавхат Оралға келсе, міндетті түрде басқармалар мен ұйымдарды шетінен аралайды. Әлгілерден Ақжайыққа не алуға, не істеуге болатынын білмей кетпейді. Және оларын алмай қоймайды. Сөйтіп, Ақжайыққа талай инвестиция тартатын. Виктор Фомин деген тамаша азамат болды ғой, балалардың облыстық туризм орталығын басқарды. Сол азаматпен кеңесіп, келісіп, көмегіне сүйеніп, Ақжайықтан балалардың туризм орталығын ашқан. Бұл облыста ауданда ашылған тұңғыш орталық болды. Соны ашайын деп жатқанда маған, Зеленовқа звондады, қуанышын жасырмай, «Сен қалайсың?» дейді. Мен қуанып кеттім, «Біз де ашамыз» дедім. Сөйтіп, ондай орталық Ақжайықтан кейін Зеленов ауданында да ашылып еді. Онда балаларды су, вело, тау туризміне баулыды. Чапаевта тау жоқ. Жасанды жартас (скалодром) жасап, оған балалар өрмелеп, үйренген. Үйреніп қана қоймай, кейін  олар республикалық жарыстарға қатысып, чемпион атанды. Осыдан кейін балалардың туризм орталықтары басқа облыстарда да ашыла бастады. Шавхат мұны еліміз бойынша тұңғыш бастаған. Шавхаттың ондай инициаторлығы  көп.

Ақжайық ауданы тоғыз жолдың торабында тұр. Оған алыстан-жақыннан өнер адамдары, ақын-жазушылар, басқалай белгілі қонақтар жыл-он екі ай келеді де жатады. Шавхат Әнесұлы солардың бәрін қарсылап, кездесу, концерттерін ұйымдастырып шығарып салады. Бір адамның оған көңілі қалғанын естіген жоқпыз, ол да өнер. Шәкең Мәжіліс депутаты болды. Ол қандай жұмыста жүрсе де, қайда барса да, өзінің өте қарапайымдылығымен ерекшеленді. Сосын былайғы адамдар байқай бермейтін нәрселерді қалт жібермейтін аса байқағыштығы. Бір қызық айтайын, Шәкең бүгінде Орталық сайлау комиссиясында қызметте ғой. Қазақстанның батыс облыстарына жауапты, жиі аралайды. Өткен сайлаудың алдында Ақтау, Атырау, Ақтөбе өңірлерін аралап, біздің облысқа да келді. Сайлау учаскелерін  көрсетіп жүргенде Подстепный ауылына апардық. Сайлау учаскесі орналасқан су жаңа клуб жұтынып тұр. Көрсетіп жүрміз. Шәкең «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус бар ма?» деді. «Бар» дедік. Көрсеттік. Сөйтсек, пандустың қақ ортасында колонна тіреуіш тұр. Әлгіні салғанда колоннаны ешкім байқамаған. Одан мүгедек жан арбасымен айналып өте алмайды ғой. Ауыл әкімі, комиссия қайда қарағанын Құдай білсін... Соны Шәкең байқап тұр. Жерге кіріп кете жаздадық. Әрі қарай ішке кірдік. Төргі бөлмеде  Елтаңбамыз ілулі тұрған. Тұсынан өте бергенімізде, Шәкең қалт тұра қалды. Елтаңбаның түбіндегі сылақ түсіп қалыпты. Оны да ешкім байқамаған. Әлгілердің бәрін кейін түзетуге тура келді. Қысқаша қайырсам, Шәкең ортаның азаматы ғой, қай-қай жағынан көркем жан.

Асыланбек  Ғұбашев, облыстық  аумақтық сайлау  комиссиясының мүшесі:

78c61748-564f-443e-8a32-7456d90352b1

– Шавхат Әнесұлы – жаңашыл адам. Баяғыда ол  облыстық жастар ісі комитетін басқарғанда мен облыстық телевидениеде жастар бөлімі редакциясындамын. Бір күні маған звондап тұр: «Асыланбек, республикада «Жас қанат» фестивалі өтіп жатыр ғой. Соны осы біздің облыста да ұйымдастырып, өткізсек қалай болады?» дейді. Сөйтіп, көп ұзамай облыста жас өнерпаздар мен орындаушылардың облыстық фестивалін өткізу қолға алынып еді. Келе-келе одан бүгінде есімдері республикаға жақсы таныс Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Дәурен Сейтжанов сынды жастар қанаттанып шықты. Ауыл-ауылдардан өнерлі жастар жарқырап көрінді. Облспортты басқарған кезінде Оралда тұңғыш рет халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге бастамашы болды. Кейін облыс әкімінің орынбасары болған кезінде спорт мектептерін ашуға тікелей ықпал етті. Тағы бір ерлігі – қазақтың балаларын, қазақ жаттықтырушыларын спортқа жаппай тартуға зор еңбек сіңірді.Асқар Шайхиев, Қазбек Ахмалиев, Райымбек Меңдіғалиевтердің жарқырап көрінетіні де осы жылдар. Шәкеңнің өзі де спортты жанындай сүйеді. Волейболды шебер ойнайды. Шәкең облспортты басқарып жүргенде (90-жылдарда) жігіттерді, әсіресе, әкімдік қызметкерлерін спортқа жаппай тартуда мынандай мағынасы терең «қулық» жасағанын айтайын. Әкімдіктер, мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада өткізуді қолға алды.

Сөйтіп, мемқызметшілер спортпен жаппай айналысып кетті. Әлгідей болғасын әкімдер өз аудандарында спортқа мықтап көңіл бөле бастады. Бұл үрдіс әлі үзілген жоқ, осы күнге дейін жалғасып келеді. Қаладағы аула спортын, әсіресе, оларда қысқы мұз айдындарын, шағын футбол алаңдарын ұйымдастыруды да осы Шавхат Әнесұлы бастап беріп еді. Телевидениеде басшы болып жүргенінде талай деректі фильмдерді түсіруімізге ұйытқы болып, қолдап, көмектесіп отырды.

*  *  *

Облысымызға есімдері жақсы таныс осынау жайсаңдар төрт көздері түгел жиналып келіп, сағаттап отырып, сыр ақтарып Шавхат Әнесұлы туралы осылайша кеңінен толғап еді. «Бұл біздің екі отыздың иығына шығып жатқан замандасымыздың мерейжасына өңір газеті арқылы жолдаған құттықтауымыз болсын... Ақжайықтың арда ұлына айналған азамат қой, қайда жүрсе де, жолы болғай, шыққан биігі аласармасын. Жасаған ие, оның елге сіңірген, сіңіріп жүрген еңбегі мен ниетіне орай, ұзақ ғұмыр берсін!» деп талай келісті әңгіме айтты. Ал оның ақ қағаздың өлшеулі бедеріне сыйған көлемі осындай болды. Талай сәттер көңілдің түкпірінде сайрап қалды. Әзірге осыған риза бол, құрметті оқырман! Қалғаны, бұйыртса, 70-тің, 80-нің ауылына барғанда айтылар деп сенейік!

Сыр-сұхбатқа құлақ түрген Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірінің» арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале