19.06.2023, 16:23
Оқылды: 27

Үкімет. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңа шаралар қаралды

Премьер-Министр шағымдардың басым бөлігі сапасы төмен тауарларды сату, тауар бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсетілмеуі, интернет-дүкендерден ақшаның уақтылы қайтарылмауы бойынша екенін атап өтті.

d2bbab52-ef44-47ed-8afd-593d9b8c3635

«Тұтынушылар сондай-ақ денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады. Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, біртұтас жүйе құруға ықпал етті. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осы мақсатта қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленген еді.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. Бұл орайда тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Мұнда тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ұсынылған заң жобаларын қолдау бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін олардың Парламент Мәжілісіне белгіленген мерзімде енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын қолданыстағы ұлттық стандарттарды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.

«Қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсарту үшін бизнесті ынталандыру бағытында қосымша шаралар әзірлеу қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Үкіметтің telegram каналынан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале