Осыған дейін жазғанымыздaй, 20-21 маусым күндері Астана қаласында Халықаралық волонтерлер форумы өтуде.
Форумға әлемнің 30-дан астам ел өкілдері, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінен 400-ден астам делегат қатысуда.
«ТЖ кезіндегі волонтерлік» тақырыптық сессиясында Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов баяндама жасады, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Министр атап өткендей, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын волонтерлік ұйымдар – бұл кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге нақты көмек, ал жастар бірлестіктері туралы айтар болсақ – бұл болашақ құтқарушылардың резерві.
Сонымен қатар, Сырым Шәріпханов өз сөзінде волонтерлерге Абай облысындағы орман өртін сөндірудегі баға жетпес еңбегі мен қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ ТЖ кезінде, Қостанай облысындағы табиғи өртті сөндіру, Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайды жою, Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою кезіндегі іздестіру-құтқару жұмыстарындағы волонтерлердің маңызды рөлін атап өтті. Осы бірлескен жұмыстар азаматтық қорғау саласындағы волонтерлер қозғалысын дамыту қажеттігін көрсетті.
ТЖ министрі осы форум төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлікті дамытудағы қызметтің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Форум аясында қатысушылар мен қонақтардың практикалық қолдану мүмкіндігімен авариялық-құтқару жабдықтары мен жарақтарын көрсету ұйымдастырылды, сондай-ақ іс-қимыл дағдыларын тәжірибелік пысықтау және ТЖ кезінде алғашқы көмектің қалай жасалатыны көрсетілді.
ТЖМ волонтерлерді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларына даярлауға және оқытуға ерекше назар аударады.
Бүгінгі таңда ТЖМ 136-дан астам волонтерлік ұйымдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды, онда 47 мыңнан астам волонтер бар. «Қазақстан Республикасының Ұлттық волонтерлер желісі және Қызыл Жарты Ай Қоғамы» ЗТБ-мен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 15-16 мамырда «Жартасты қала-Астана» оқу-жаттығу полигонының аумағында алғаш рет табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ға ден қою саласында волонтерлердің республикалық форумы өткізілді, оған ел өңірлерінен 40 волонтерлік ұйымның үйлестірушілері қатысты, онда таулы жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу ерекшеліктері, ТЖ кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, суда құтқару және т. б. жеткізілді.
zhaikpress.kz