21.06.2023, 12:29
Оқылды: 21

Батыс Қазақстанда 680 балалар лагері жұмыс істеп тұр

Батыс Қазақстан облысында әртүрлі бағыттағы 680 балалар лагері жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

c1a8d23a-b291-4555-ab80-4741a612c35a

Фото Орал қаласының білім бөлімінен

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде қала сыртындағы 19 лагерьде 7 310, мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылатын 282 лагерьде 28 282 оқушы тынықпақ.

Сондай-ақ мектеп жанындағы тамақ ұйымдастырылмайтын 370 лагерь мен бейіндік алаңдарда (59 586 оқушы қамтылады), 9 шатырлы лагерьде (2 931) балалар демалып жатыр.

Г.Керееваның сөзіне қарағанда, әр ауысымның уақыты 7-10 күнге жалғасады. Әр ауысымның өзіндік жеке тақырыбы бар.

Балалар үшін сауықтыру, білім, экология, шығармашылық, спорттық бағдарламалар әзірленген.

«Жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысына қойылатын талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-78 бұйрығымен реттеледі. Осы бұйрық талаптарына сәйкес маусымдық сауықтыру лагерьлерінің ашылуы үшін аталмыш нысанның халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы міндетті шарт болып табылады», - дейді департамент басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қала сыртындағы барлық лагерьлерге нысанның санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы қорытынды беру бойынша профилактикалық бақылау барысында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары балалардың тамақтануына, медициналық қызмет көрсетілуіне, қызметкерлердің міндетті медициналық тексеріп-қараудан өтуіне, лагерьде балалар үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға ерекше назар аударады.

Соның ішінде аумақты тазалау және абаттандыру, дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар, шомылу орындарының, ойын алаңдарының жай-күйін тексереді.

Осы бағытта БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, балалардың демалысын сапалы және уақтылы ұйымдастыруды қамтамасыз ету мақсатында жазғы сауықтыру ұйымдарының қызметін тұрақты бақылап отырады.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары – БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасымен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес маусым бойы облыстық білім басқармасымен барлық сауықтыру ұйымына зерделеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Мұның барысында жіті ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алуға айрықша көңіл бөлінеді.

Лагерьлерде медициналық кабинет қарастырылып, тиісті қызметкерлермен қамтамасыз етілуі шарт.

Сондай-ақ балалардың жүзуіне арналған модульді-қаңқалы бассейндер мен жағажайлардағы су сынамасының қорытындысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы тиіс.

«Санитарлық талаптарды сақтаумен қатар лагерьге жіберген кезде балада аурудың сыртқы белгілерінің бар-жоғы (термометрия, терінің өзгеруі) тексеріледі. Сондай-ақ оның денсаулығына шағымдары бар-жоғы сұралып, сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама және инфекциялық аурулармен байланысы жоқ деген анықтама бар болған кезде ғана балалар жазғы сауықтыру лагерьлеріне қабылданады. Осы бағытта санитарлық ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғасуда», деді Гүлдана Кереева.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале