22.06.2023, 9:30
Оқылды: 118

Жылқыны жаяу қайырған...

Саралжыннан  шыққан  республика  чемпионы Руслан  Әбішев  туралы  әңгіме

Казталов ауданының Саралжын (бұрынғы Киров) ауылында жүгірсе, табаны жерге тимей шабатын, қуғанын құтқармайтын, жарысса, ешкімге жеткізбейтін бір жүйрік бала барын бұрын да естіп жүруші едік. Баланың істегені көрінуші ме еді, мән бермеппіз. Алыста жүрген бізді қойшы,  дене тәрбиесінен сабақ берген мұғалімдері де, басқалары да жеңіл атлетикаға, волейбол, баскетболға ерекше икемділігі бар баланы «байқамай» қойыпты. Бар болғаны мектеп, ауылішілік, аудандық жарыстарға қатысып, бәйгенің алдын бермей, жүлдемен оралады. Болды. Бірақ «Алмас кездік қын түбінде жата ма?»  алақандай ауылдың бұйығы тірлігімен жүріп-ақ, «Жылқыны жаяу қайырған Руслан» деп аңыз болған кезде кейіпкеріміз сол ауылдағы орта мектепті бітіріп, мамандық алмақты армандап жүрген бозбала екен.

20230619_095300

...Әңгімені содан бастадым.

«Сіздің де құлағыңызға шалынған екен ғой...»  деп қысыла күліп алды да, әңгімелеп берді. Ауылға мал алатындар келіп, жұрттың абыр-сабыр болып жатқан кезі.  Әкесі Хамит те бір ту биені  тапсырмақ болып, елмен бірге шарбаққа қаматпай ма. Сөйтсе, бұлардың биесі мойнына салған бұғалық-мұғалығымен қоршаудан секіріп шығып,  қашып кетеді.  Әрі ауылға сирек келетін етшілер кетіп қалса, ақша бірге кетеді, екінші жағынан, ақ-адал малы арқанға оратылып арам өліп қала ма деген қорқынышпен Хамит балалары машина, мотоциклмен қуғынға шығады. Қашқан жылқы жолмен жүре ме, қырлықпен жосады, әрине. Дөңгелекті көліктен қайран болмай бара жатқан соң, Руслан жаяу шабады безіп бара жатқан биенің соңынан. «Сонымен, кеш қараңғылығы түскенге жеткізбей, Еламан мен Кировтың ортасындағы Тағай сорын айналдыра қуып отырып, қайырмалап ауылға алып келдім...» дейді жай ғана бүгінде чемпион атанып, республикаға, тіпті көршілес мемлекеттерге танымал болып отырған спортшы. Русланның  қашқан жылқыны жаяу қуып әкеле жатып «Қақпаны ашыңдар!» деп кешкі ауаны жаңғырта қалай айқай салғанын естіген ауылдастар сол оқиғаны аңызға айналдырып жіберген. Иә, ауыл баласының спорт мектебі – табиғаттың өзі. Ауыл тұрмысы. Қой қуып, бұзау қуып, қол босай бере, мәткедоп, қуыспақ ойнап жүріп жетіледі олар.Бірақ соның ішінде осындай айрықша қабілетті балалардың жолын ашып, қамқорлап жіберу – әр мектептің парызы ғой деп ойлайсың...

Мақсатшыл жас жоғары  оқу орнына түсіп, қаржыгер мамандығын алып шыққан соң, 2014 жылы Орал қаласына қоныс аударады. 20142017 жыл аралығында Орал қаласының «Қазпошта» бөлімшесінде оператор болып қызмет атқарады. 2017 жылдан бастап директордың орынбасары лауазымына тағайындалады. Қызметіне мұқият, сапалы еңбегінің арқасында алған бірнеше алғысхаты да бар. Бірақ бала кезінен құштар болған жеңіл атлетикаға қызығушылығын да жолда қалдыра алмапты Руслан. Сөйтіп, негізгі жұмысын атқара жүріп, 2022 жылдан бастап жеңіл атлетиканың жүгіру түрімен өзін-өзі жаттықтырады. Осы бір жылдан аса уақыт ішінде тынымсыз еңбегі мен төккен терінің арқасында үздік нәтижелерге қол жеткізген. Облысымыздың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 21 тамызда Ресейдің Самара қаласында өткен (Кубок главы городского округа Самара) халықаралық марафонда жүлделі 2-орынға ие болып, Қазақстанның намысын қорғады. Сонымен қатар Қазақстаның бірнеше қаласында үлкен марафондарға қатысып, үздік нәтижелер көрсетті: 2022 жылдың 25 мамыры – Ақтөбе, 2022 жылдың 02 қазаны – Атырау, 2022 жылдың 25 қазанында Батыс Қазақстан облыстарында Республика күніне орай өткен марафондарда 1-орынды қанжығаға байлаған! Русланның осы нәтижелерін көріп, қалалық қазақ бапкер Архат Исенғалиев өзіне жаттығуға шақырған. Сол жігіт Ресейдің Самара қаласынан келген білікті де атақты маман Егор Ручников деген жаттықтырушымен таныстырып, 2022 жылдың қараша айынан бастап Русланды сол кісі жаттықтыруда көрінеді. Негізгі жұмысымен қатар, бапкерінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, қыста аязға, жазда ыссылыққа қарамай өзін жоғарғы деңгейде  дайындайды Желқанатты Жігіт. 2023 жылы  11-12 наурыз Астана қаласында Қазақстан республикасының чемпионатына қатысып, 4 дистанция бойынша Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап, үздік нәтиже көрсетеді: 400 метр – 1 орын. 57,84 с. Қазақстан чемпионы. 60 метр – 3 орын, қола жүлдегер. 200 метр – 3 орын, 26,68, қола жүлдегер. 800 метр – қола жүлдегер 2,14. Осындай нәтижемен Астана қаласынан елімізге 4 дистанция бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы және қола жүлдегері болып оралады. Бапкері осы жарыстан кейін көңілі толып, өзінің пікірін былай білдіреді: «Руслан – чемпион и бронзовый призер чемпионата Казахстана по лёгкой атлетике. 400 метр – 57 с. 800 метр – 2,14 с. Сейчас Руслана тренерую я. Ему 39 лет. Бегом занимается год. Но на самом деле моей заслуги в его победах нет. Редкий талант, которому надо просто дать раскрыться». Үстіміздегі жылдың 28 мамырында Татарстанның Казань қаласында өткен халықаралық марафонда 10 шақырым қашықтықта 15 мың адамның ішінен үздік елулікке кіріп, атағы айға жеткен атақты жүйріктермен бақ сынап және үздік нәтиже көрсеткен. Күні кеше Ресейдің Самара қаласында өткен (Фестиваль бега Королева спорта) халықаралық марафонда Қазақстанның намысын қорғап, жүлделі І орынға ие болып  келгені  тағы  бар.

«...Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген Ұлы Абайдың өкінішін бастан өткергендер көп шығар, Русланның да үлкен өкініші – дер кезінде спортпен шұғылдануға мүмкіндік ала алмағаны...

«Әдетте, менің жасымда спортшылар өз карьерасын аяқтайды, ал  мен жаңа бастап жатырмын. Кешегі Астраханьда 20 жаста, бабында жүрген жігіттермен жарысып, 1 жүлдені тартып алып жүрмін ғой. Бәлкім, ерте бастасам, бұдан да жоғары жетістіктерге жетіп, еліме жеңіс қуаныштарын сыйлар ма едім...»  дейді кішкентай ғана Саралжынның Үлкен чемпионы. Әрине, алақандай ауылдан Қазақстан чемпионы және халықаралық марафонның жеңімпазы шығу деген қалған балалар үшін таптырмас мотивация. Руслан Хамитұлының ендігі алға қойған мақсаты – Азия және Әлем чемпионатында бақ сынау. «Осы өмірге және спорттағы үлкен жетістіктерге бастау болған әкеміздің қатал және анамыздың аялы  тәрбиесі деп білемін. Бізді папа қыран бүркіт сияқты тәрбиеледі. Қатал мінезімен үлкен өмірге, үлкен додаларға қосқан адам. «Қыран бүркіт өз балапанын тас түлек болғанда қия құздан тастайды» демей ме? Сол сияқты бізді де әкеміз тап солай тәрбиеледі. «Неге Хамит ақа өз балаларына сонша қатал қарайды?» деп сын таққандар да болды. Ал нәтижесі осы. Өзіңіз көріп отырсыз.

Мен  әкеммен,  анам – Ынтағаныммен мақтанамын. Менің бүгінгі жеңісім – сол адамдардың арқасы», – деп аяқтады ол әңгімесін. Ал оған дейін, «ауылда туған таланттарға дер кезінде қолдау көрсетілмесе, елден шығатын чемпиондардың жолдары кесіледі. Басылып қалады. Жарыстарға өз қаржысымен баруға бір спортшының жағдайы келеді,  бір спортшының жағдайы келмейді.  Бірде өз күшіммен,  бірде алған жүлде қаражатыммен, қала бердіел, спорт жанашырларының демеушілігімен  әзірше қатысып келемін. Кейінгі балалардың жолдары ашық болса екен. Спорт – әдемі әлем.  Дұрыс орта. Спортпен айналысқан бала арақ ішуден, шылым шегуден аулақ болады. Менің осы хоббиымнан тапқан ең бірінші олжам –  достарым...» деп біраз сыр ақтарған. Спортқа соң келсе де, оң келіп, шашасына шаң жұқтырмас желаяқтығын танытқан Әбішев Руслан Хамитұлы деген – осы жігіт!

Р. S. Шынымды айтсам, Русланмен әңгімеден кейін туған ел спортшыларына бір жарымай, жалдамалы легионерлерге күнін түсіріп, «күн жаумай, су болып» отыратын қазақ спортына жаным да ашыды, ренжідім де... Қанша Русландар жүр екен  ел  ішінде, бабы болмай,  бағы жанбай?..

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы  бетінің  қоғамдық редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР  Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР  Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале