22.06.2023, 12:00
Оқылды: 50

Айсұлудың асуы

Облыстық әділет департаментінің сот атқарушысы Айсұлу Тукашева – өз ісінің хас маманы. Мемлекеттік қызмет саласында 20 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Айсұлу бала күнінен алғырлығымен, елгезектігімен қатарының алды болды. 1998 жылы Бәйтерек ауданындағы Махамбет жалпы орта білім беретін мектебін үздік бағамен тәмамдады. Ынталы жас түлектің жолы оң болды. Ресейдегі Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетіне түсіп, заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Айсулу Тукашева (2)

Айсұлу Серікқызы еңбек жолын Орал қалалық №2 соттың жетекші маманы қызметінен бастады. Осы салада тәжірибе жинай жүріп, аталған №2 сотта, одан кейін БҚО бойынша соттар әкімшілігінде, БҚО сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы болды.

2010 жылы БҚО әділет департаментінің бөлім басшысы қызметіне ауысты.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, біліктілігін, алғырлығын таныта білген Айсұлу Тукашева осы департаментке қарасты атқарушылық өндірісті қамтамасыз ететін басқарма басшысы болып тағайындалды.

Әділет құрылымдарында көп ұзамай бұл басқарманың таратылуына байланысты қайтадан бөлім басшысы  қызметін  атқарды.

Жиырма жылдық еңбек жолы Айсұлуды әбден шыңдады. Ол тәжірибе жүзінде кәсіби біліктілігін жетілдіруден жалыққан емес. Көмек сұрай келген тұрғындарға да заңгерлік кеңес, нақты бағыт-бағдар береді. Қауырт еңбек ететін мекемелерде қызмет еткен соң, тапсырмаларды тыңғылықты орындап, орнықты шешім қабылдауды үйренген. Сонысымен әріптестеріне сыйлы.

Білікті маман 2016 жылы ҚР Әділет министрінің Құрмет грамотасымен, 2017 жылы «Әділет органдарының үздігі», 2020 жылы І дәрежелі «Заңгер» төсбелгілерімен, 2021 жылы облыстық әділет департаменті басшысының алғысхатымен марапатталды.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале