2013 жылы ел игілігіне берілген Жайық жағасындағы тынымбақты қайта жөндеу туралы мәселе бір емес, бірнеше мәрте көтерілді. Су шайып, гранит, керамогранит плиталары құлап, әбден тозған демалыс орнының осы күнгі сиқы көпшіліктің сынына да ілікті.
Енді көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған тынымбақ жөнделетін болады. Ол туралы БАҚ қызметкерлеріне арнайы сұхбат берген қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлімдеді.
– Жайық өзені жағасындағы саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жөндеуге қажет сома 280 миллион теңгені құраған еді. Бірақ биыл тағы су көтеріліп, тынымбақ тағы да бүлінді. Содан мамандармен, урбанистермен, жобалаушылармен ақылдаса келе, тынымбаққа толықтай экспертизалық сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама жасақтау керек деп шештік, – деді Ж. Дүйсенғалиев.
Осылайша мамандар осыған дейін орын алған келеңсіздік тағы қайталанбас үшін қайта құру жұмысын жүргізуді ұйғарған. Енді оған қажет қаражат 1 миллиард теңгеден асты.
– Жоба бойынша жағалаудағы демалыс орнын жаңа кейіпке енгізіп, түрлі бөліктерге бөлеміз. Онда балаларға арналған ойын және спорт алаңдары болады. Сонымен қатар жағалаудағы тынымбақ аумағын кеңейтеміз, – деді Жандос Дүйсенғалиев.
Бір сөзбен айтар болсақ, тынымбақ күрделі жөндеуге жабылмайды. Осыған дейін құлаған керамограниттер жиналып, ойын алаңдары жаңарып, субұрқақтар қалыпты жағдайда жұмыс істей береді.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары өз сөзінде Жайық жағасынан ескі шіркеуге қарай баратын соқпақ жол да жөнделіп, жарықтандырылатынын айтты.
Әзірге сиқы қашса да, көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған тынымбақты реттеуге қажетті құжаттың қашан дайын болатыны белгісіз, бірақ жоба бар, жөндеу уақыттың еншісіне қалып отыр.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»