23.06.2023, 9:30
Оқылды: 45

БҚО ПД басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің мерекелік құттықтауы

1992 жылғы 23 маусымда «Ішкі істер құрылымдары туралы» арнайы заң қабылданып, онда тәртіп сақшыларының мақсат-міндеттері айқын көрсетілді. Кейіннен 23 маусым – Қазақстан полициясы күні болып белгіленді. Осылайша қылмысқа қатаң тосқауыл қоюға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, елімізде тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және оны қамтамасыз етуге толық қабілетті мемлекеттік жүйе қалыптасты.

6c34ebc0-6502-437e-828b-abdef1082129

Міне, биыл кәсіби мерекемізді 31-ші рет қарсы алып отырмыз. Осы аралықта өзгелер сияқты, біздің ұжым да өздеріне жүктелген кәсіби міндетті абыроймен атқарып, ел тыныштығын қамтамасыз етуде талай сын сағатты бастан өткерді. Тарих тақтасына өз таңбасын басқан «қаралы қаңтар» оқиғасы соның бір дәлеліндей. Ең өкінішті жағдай, Тәуелсіздік таңы атқаннан бері  32 әріптесіміз қызметтік міндетін орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Олардың есімі біздің жүрегімізден мәңгі өшпейді, артында қалған отбасылары тұрақты назарымызда.

Иә, қылмысты ашу, қылмыскерлерді құрықтау біздің басты міндетіміз болып қала бермек. Әрі соңғы жылдары адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды тек адал азаматтар ғана құратынын кешегі Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы қайыра еске салды. Сонымен бірге заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік, білім мен білік сияқты құндылықтардың үстемдік құруы қажеттігіне баса назар аударылды. Сондықтан біз – тәртіп сақшылары кәсібилікпен қатар, адамгершілік қағидаттарын терең зерделеп, халықпен тығыз байланыста болуымыз керек. Бұл тұрғыда, ақ адал еңбектерімен ел-жұртына танылған, өнегелі істері кейінгіге үлгі ардақты жандар аз емес. Өңірімізде соңғы отыз жыл бедерінде 70-тен астам тәртіп сақшысының түрлі жоғары марапаттарға қол жеткізуі – соның айқын дәлелі. Үздік полицейлерге сый-құрмет қазір де үзілген емес.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Мерекелі күні сол асқақ міндетті мінсіз атқаруға бар күш-жігері мен білім-білігін сарқа жұмсап жүрген барша әріптесіме, әлгінде айтқан, алтын қор – ардагерлерімізге шексіз ризашылығымды білдіре отырып, дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық тілеймін. Береке-бірлігіміз нығайып, қазақ елі өсіп-өркендей  берсін!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале