Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының ХІІ турын «Ақжайық» пен «Тараз» қорытындылады. Өткен ойында алматылық «Жас қыраннан» ойсыра ұтылған оралдық футболшылар жергілікті жанкүйер алдында кінәларын жуып-шаюға тырысты.

Сол себепті Игорь Прохницкий жігіттері ойын басынан басымдықты қолына алды.
Бақдәулет Көңілімқос, Микола Агапов, шабуылға ден қойса, Ваагн Айрабетян мен Денис Яскович орталық алаңда ойқастады.
Ал Роман Божко мен Мирам Сапанов және Бауыржан Омаров үштігі қорғанысты құлыптады.

Жас болса да негізгі құрамда ойнайтын қақпашы Мақсот Арыстанов қақпасына ұшқан доптың барлығын қайтарып, әріптестері мен жанкүйердің қошеметіне бөленді.
Тайм басында мықты қарсылық танытқан «Тараздың» қорғанысын 37-минутта Микола Агапов бұзды. Украиндық футболшы ол ерлігіг екіншті таймның 57-інші минутында тағы бір қайталап, командасын алға жетеледі.

Онымен тоқтамаған оралдық оғландар 65-інші минкутта Завен Бадоянның көмегімен есепті 3:0 етсе, 87-інші минутта екінші қабатта ширақ қимылдаған Мирам Сапанов қорытынды есепті тіркеді.
Осы ойыннан кейін 22 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінің 4-інші сатысына жайғасты.
Команда келесі ойынын маусымның 29-ы сырт алаңда, түркістандық «Тұран» командасына қарсы өткізеді.
Түгелбай Бисен,
Фото: Айбатыр Нұраш
zhaikpress.kz