27.06.2023, 12:30
Оқылды: 68

Жамау-жасқау сыныптарда оқып жүр, біраз қазақ баласы...

Облыстық білім саласында сапаны бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның берген мәліметіне сүйенсек, өңірде 75 ескі мектеп бар. Соның ішінде саманнан салынған – 54, ағаштан салынған – 16, қамыстан салынған – 2, құрастырмалы 4  мектеп бар.

42a86c3c-52b4-4af4-a66a-2256d7eec316

Ақжайық ауданына қарасты Бітік негізгі мектебі ағаш қалқаннан бейімделіп салынған (щитовой). Сыртынан ақ кірпішпен өңделіп қапталған. 150-ден астам тұрғыны бар Бітік ауылы аудан орталығынан 56 шақырым шамасындай қашықтықта орналасқан. Аталған елді мекен газ желісімен қамтамасыз етілген. Ауыл маңынан  Чапаев – Жалпақтал тасжолы өтеді. Бітік ауылындағы білім ошағы 80 орынға бейімделген. Бұл мектепте 3 сынып, 1 мұғалімдер бөлмесі, шағын орталық бөлмелері қарастырылған. Қалған кабинеттер пайдаланылмайды. Мектеп ғимаратының бір кабинетінде ауылдық кітапхана орын тепкен. 2020 жылы мектепке ішкі әжетхана мен кәріз жүйесі орнатылып, 2021 жылы газбен жылытыла бастаған. Су тасымалданады. Мектеп меңгерушісі Алмагүл Исмағұлованың айтуынша, білім ошағына 1991 жылдан бері ағымдағы жөндеуден басқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектеп апатты жағдайда. Ғимараттың төбесі, шатыры, есік-терезелері, ағаш едені  әбден тозған. 2022-2023 оқу жылында 1-4 сыныптарда 6 оқушы білім алған.  Мектеп жанындағы шағын орталықта жалпы 7 бала, мектепалды даярлығында – 8 тәрбиеленуші бар. 4 педагог,  1 тәрбиеші, 1 тәрбиешінің көмекшісі, 5  кіші қызметкер қызмет атқарады.

c4e5b270-0b43-4b69-be61-21632bd42e3f

Дәл осы аудандағы Көнеккеткен ауылдық округіне қарасты Қамыстыкөл ауылындағы мектеп те 1972 жылы ағаш қалқаннан (щитовой) бейімделіп салынған. Жайық өзенінің оң жағалауындағы Қамыстыкөл ауылы аудан орталығынан 20 шақырым шамасындай қашықтықта орналасқан. Аталған елді мекенде газ, су бар. Ауыл маңында Орал – Индер жолы бар.

Қамыстыкөл бастауыш мектебі 40 орынға арналған. Бұл мектепте 2 оқу кабинеті, 1 мұғалімдер бөлмесі,  шағын орталыққа арналған 2 кабинет қарастырылған. 2022-2023 оқу жылында 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін 11 оқушы білім алып шықты. Өкінішке орай, мектепалды даярлық тобында бала жоқ, шағын орталықта 8 бала тәрбиеленуде. Бұл балаларға 5 педагог, 1 тәрбиеші, 1 тәрбиешінің көмекшісі, 5 кіші қызметкер қызмет көрсетеді. Мектеп меңгерушісі Мейрамгүл Сариеваның  берген мәліметі бойынша, мектепке ағымдағы жұмыстардан басқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектеп ғимаратының шатыр маңдайы (фронтон), есік-терезелері тозған және 1 жылу қазандығы жөндеуді қажет  етеді  екен.

ca9ec31a-b92c-48c8-ae7a-ac5d175be236

Жаңақала ауданының Ақбалшық ауылында орналасқан  Ақбалшық бастауыш  мектебінің ғимараты 1987 жылы салынған. Бір жақ шеті тұрғын үй, екінші жағы мектеп. Ғимарат  құрылысы ағаш қалқаннан салынып (щитовой) ақ таспен қапталған. Ертеректе ауылдың клубы болған. 1998 жылы мектепке лайықтап жөндеп, ақтап, сырлап берген. Ақбалшық бастауыш мектебінде жоғары білімді – 4, арнаулы орта білімді 3 педагог жұмыс істейді. 2 педагог сарапшы, 4 педагог модератор, санаты жоқ 1 педагог бар. Қазіргі таңда мектеп жанындағы шағын орталық «Айгөлек» тобында 9 тәрбиеленуші, мектепалды даярлық тобында 5, 1-4-сыныптарды 8 бала бітіріп шықты. Ақбалшық бастауыш мектебінің меңгерушісі Балауса Борашеваның сөзінше,  мектепте жыл сайын бала саны біртіндеп көбейіп келеді. Жаңа оқу жылында 8 бүлдіршін 1 сыныпқа келмек. Дегенмен мектептегі бұрын клуб болған кезде кино көрсеткен бөлменің төбесі салбырап, оқу кабинеттерінің  терезе әйнектері ескіріп, сынып тұр. Қабырғалары әбден тозған. Жыл сайын ақтап, сырлап ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жасалып келеді. 2004 жылы мектеп меңгерушісі бастаған шағын ұжым ағаш еденге линолеум төсеген. Оның өзі жамау-жамау боп, әбден жыртылып біткен. Шағын бастауыш мектептегі мұғалімдерден  дәріс алған шәкірттері бұл күндері өңірдің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық  иелері  атанып,  қызмет  етуде.

4f21b4ef-a379-4d19-a1fe-02428ac1d6e2

Жаңақала ауданындағы Борық бастауыш мектебінің тарихы 1973 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда биылғы оқу жылын 11 оқушы аяқтаса, шағын орталықта 5 бала тәрбиеленуде. Мектепте 8 педагог, 7 кіші қызметкер жұмыс істейді. Мектеп ағаш қалқаннан (щитовой) салынған. Сырты қызыл таспен қапталған. Бұрын жатақхана болған ұзын ғимараттың бір бөлігінде мектептен бөлек кітапхана, медпункт, тағы бір бөлігі үй есебінде. Борық бастауыш мектебінде екі оқыту кабинеті, 1 мұғалімдер бөлмесі және асхана бар. Тағы бір бос бөлмеде ескі заттар сақталады. Мектеп меңгерушісі Саида Төлешованың мәлімдеуінше, жыл сайын ақтап, сырлап ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонда да ескі мектептің шатырынан су кетіп, ағаш терезелердің ескіргені соншалық ісініп, жабылмай қалған. Ағаштан жасалған сықырлаған еденді мектеп ұжымы жыл сайын сырлап, жаңартқандай болады. Бірақ ескінің аты ескі ғой. Биыл мектепке көгілдір отын берілетіні туралы жаңалық шағын ұжымды  қуанышқа  бөлеген.

1523a636-9687-4cd0-9a9f-165e7e51cd57

Нақ осындай тізбекпен тағы бірнеше ауданға қарасты ауылдардың мектебін тізбектеп шығуға болады. Олардың көпшілігінде дәл осындай жағдай. Қынжылтатыны, шалғайдағы ауылдарда жоқтан бар жасаған, жамау-жасқау мектептерде ондаған шәкірт білім алуда. Білім беру бөлімінің басшылары көп жағдайда аталмыш мектептерде бала санының аздығын алға тартады.

Жақында облыс әкімі Нариман Төреғалиев журналистерге берген сұхбатында:  «Басты міндетіміз – облыстағы білім беру саласына қолдау көрсету. Мемлекеттің беріп жатқан қаражатын пайдалы іске жұмсап, оның нәтижесін көруіміз керек. Тек облыс орталығындағы балаларға емес, ауылдың балаларына да жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта облыс көлемінде ауылдағы елді мекендерді дамытуға арналған үлкен бағдарлама жасаудамыз. Ауылдағы балаларды спорттық, мәдени іс-шараларға тартуға көңіл бөлудеміз. Биыл 12  ауданның  10-ында үлкен спорт кешені салынады. Ендігі кезекте аудан орталықтарында балалардың бос уақытын тиімді өткізетін үйірмелер ашатын боламыз. Балалар – біздің  болашағымыз. Сондықтан біз оларға барлық жағдайды  жасаймыз» деп атап өткен еді. Елді мекендерді дамытуға арналған бағдарламаның ішіне тозығы жеткен мектептерде білім алып жүрген қаракөздерімізге жағдай жасау туралы тармақ енгізілсе,  нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

Гүлжамал  Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале