22.07.2016, 16:07
Оқылды: 40

Орын көп, маман жоқ

ЖұмыспенЕкі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек болатын «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасын, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын жүзеге асыру мақсатында Теректі аудандық жұмыспен қамту орталығы және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.


Оған жұмыс іздеген 22 азамат қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, пікір алмасты. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында өткен шарада жұмыс беруші 11 мекеме болды.

Аталмыш жәрмеңкеде жарияланған 41 бос орынға 17 адамның ғана түйіндемесі қабылданды. Олардың арасынан 1 сотталған азамат «ЮлАнИл» ЖШС-не газ-қазандық операторы кәсібін меңгеруге оқуға жіберілді. Пробация қызметінде тіркеуде тұрған тағы бір азамат «Таза ауыл» жеке кәсіпкерлігіне аула тазалаушы ретінде орналасып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. 1-уі Шаған ЖОББМ-нің шағын орталығына тәрбиеші мамандығы бойынша жастар тәжірибесімен қызметке тартылды.

Жәрмеңкеден байқағанымыз, қазір еңбек нарығында негізінен білікті ұстаздар мен дәрігерлер қауымына сұраныс көп. Алайда жастардың басым көпшілігі шалғай ауылдарға маман тапшы десе, ат-тонын ала қашады. Дегенмен, елді-мекендерге жас маман боп барып, талай жыл еңбек етіп жатқан жерлестеріміз де аз емес. Негізінен қанағаттанарлық табыстың көзі мен мол тәжірибені ауылдан жинақтаған жөн. Сондықтан мемлекеттен берілген мүмкіндікті уақытында тиімді пайдаланып қалғаныңыз дұрыс.

Күлімхан Махметқызы
Теректі ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале