Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Темірболат Тоқмамбетовтың бастамасымен редакция ұжымы Бөкей Орда ауданына қарасты Хан ордасы ауылында болып, кәсіби мерекеге орай пресс-тур ұйымдастырды.
Бұл жай ғана пресс тур емес. Биыл ауданымыз торқалы тоқсан жылдығын тойлағалы отыр. Оның үстіне облыс орталығындағы «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осындай атаулы даталарды ескере келе алыс жолға сапар шектік. Аталмыш шараға көршілес Казталов және Жәнібек аудандарының журналистері де атсалысты. Біздің мұндағы мақсатымыз біріншіден, аудандар арасында әріптестік қарым-қатынас орнату болса, екіншіден бір-бірімен іс-тәжірибе алмаса отырып, басылымға жазылу жөніндегі жұмыстарды жандандыру және Хан ордасындағы музей кешенінің тарихымен танысу болатын.
Таңмен шыққан бізді алдымен казталовтық әріптестеріміз қош келдіңіз айтып, құшақ жая қарсы алды. Ұзақ жол болғандықтан сол жерде аяқ суытып, таңғы асымызды ішіп, біраз демалғаннан соң, одан әрі сапар шектік. «Жол жағдайын жүрген білер» демекші тақтайдай түзу жолға үйреніп қалған біздер алыс жолдың машақатын көріп, бөкейліктердің назын түсінгендей болдық. Үш-төрт жерде жөндеудің қарқынды жүріп жатқанын көріп, жуық арада олардың да түп-түзу жолмен қатынайтындарына қуандық. Одан бөлек Тасқала аумағынан асып, Казталовқа қарай жақындағанда қазіргі таңда үлкен дау туғызып отырған киік мәселесінің де бұл жақта бізден екі-үш есе көптігіне көз жеткіздік. Бөкей ордасы ауданының шекарасында жәнібектік әріптестер қарсы алды. Сол жерде естелік суретке түсіп, алға қарай жылжыдық. Түске таман тарихи өлкеге табан тіредік. Бұл жерде Хан ордасы ауылының әкімі Әлібек Қанатбайұлы қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Одан әрі үш ауданның делегациясы «Бөкей ордасы» тарихи-музейінде болып құнды жәдігерлерді тамашаладық.
Экскурсоводтың айтуынша, кешен құрамына Хан Сарайынан басқа, 1867 жылы ашылған Казначейчество, 1868 жылы ашылған Тарғын учаскелік және 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына келтірілген мешіт ғимараты кіреді екен. Кейін 1962 жылы Орда тарихи-революциялық музейі қоғамдық негізде құрылып, 1967 жылы мемлекет қарамағына алынып, алғаш директор болып А.Тажетдинов қызмет атқарған. Ал 1997 жылы Бөкей ордасы тарихи музейі болған.
Мұнда 12 экспозияция залы болса, 2001 жылдан бастап «Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені» болып атауы өзгерген. Экскурция барысында экскурсовод Лаура Закарияқызы Бөкей хандығының тарихымен терең танысып, белгілі тұлғалардың басына тәу ету мақсатында Хан ордасы ауылына алыс-жақыннан арнайы келушілердің қатары еш толастамағанын, сол күннің өзінде бізден басқа алты топтың жүргенін айтты. Одан әрі қонақ үйде өткен «Пресс турға» қатысып, әр журналист өз ойларымен бөлісті. Кешкісін ауыл маңындағы кезінде хан Жәңгірдің өзі бастамашы болған қарағайлы орман маңында спорттық кездесу ұйымдастырылып, отқа тамақ пісіріліп, ән шырқалды. Осылайша Орда сапары бізге үлкен күш-жігер берді.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz