Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы, әділет генералы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың қайраткерлік баяны - “АҚ КИІЗ” тарихи драмасы кеше Жымпитыда қойылды.
Авторы - ақын, журналист Бауыржан Ширмединұлы.
Премьерасы Астана қаласында, музыкалық жас көрермен театрында өткен драмада Жымпиты халық театрымен бірге Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актерлары да ойнайды. Елордалық жұрттан, Белгілі алаштанушылар жоғары баға алған құрам осы жолы да шынайы әрі кәсіби болуға тырысты. Өйткені, Жымпиты - ХХ ғасырдағы қазақ даласындағы саяси оқиғалардың орталығы болды. Басты кейіпкерлер - Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов Күнбатыс Алашорда үкіметінің астанасы еткен асыл кіндік те - Жымпиты.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов драманың қоюшы режиссері Алмат Шариповті және актерларды әкімдік қабырғасында ресми түрде қабылдады.
Ауылдағы премьера аншлагпен өтті. Алаш рухын аңсаған көрерменнің көңіліне мәдениет үйінің залы таршылық етті.
Қойылым соңында Жұмагелді Батырниязов ықылас гүлін табыстады. Ал, ақпарат, спорт және мәдениет салалық кәсіподағының БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов Жымпиты халық театрының актерлары, мәдениет саласының майталман мамандары Қайрат Илашев пен Самат Ұбановқа “ЕҢБЕК ДАҢҚЫ” медалін тақты. Ал ақын, журналист, Қ. Мырза Әли атындағы мәдениет және орталығының директоры Бауыржан Халиолла ауданның экс -әкімі Төлеген Төреғалиев пен Жаһаншаның рөлін ойнаған Сәндібек Өтеғалиевті “Сырым Датұлы атындағы төсбелгімен” марапаттады.
Айта кетейік, «АҚ КИІЗ” енді Қаратөбе ауданы, көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарының көрермендеріне жол тартады.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
Суретті түсірген: Айжан Амангелдина
zhaikpress.kz