Батыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері аптап ыстық басылмай тұр. Жоғары температура әсер етті ме кеше өңірдегі бірнеше ауданда өрт оқиғасы тіркелді.
Осы оқиғаға байланысты БҚО әкімі Нариман Төреғалиев facebook парақшасында жазба жариялады.
«Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында құрғақ шөптер алқабы өртке оранды. Кезекшілік бөлімге 37 жерде тілсіз жаудың ошағы тіркелгені туралы ақпарат келіп түсті.
Дереу Төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрып, өртті ауыздықтау бойынша техникалар мен адамдарды жұмылдырдық.
Ең күрделі жағдай Теректі ауданында орын алды. Жану алаңы 50 га құрады, оның ішінде 26 га мемлекеттік орман қоры мен 24 га құрғақ шөп.
Айтиев ауылындағы жағдай тұрақтанды. 10 үйдің тұрғыны 44 адам. Оның ішінде 16 бала қауіпсіз орындарға көшірілді. Тұрғындар үшін ешқандай қауіп-қатер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің басым бөлігі ауыздықталып, оқшауланды. Өрт ошағын сөндіру бойынша жұмыстар Қазталовка мен Сырым аудандарында жүргізілуде. Тәулік бойы құтқару бөлімшелері, жергілікті тұрғындар арасынан еріктілер және өртке қарсы ерікті негіздегі құрылымдардың мүшелері жұмыс істеуде. Жағдай бақылауда.
Құрметті батысқазақстандықтар!
Соңғы уақытта өрт оқиғалары жиі орын алуда. Кішкене ұшқын үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Көп жағдайда дала өрті адамдардың абайсыздығынан, немқұрайлығынан пайда болады. Табиғат аясына шыққан азаматтардың жаққан оттарын өшірмей кетуі немесе көлік жүргізушілерінің өшпеген темекі тұқылын жол жиегіне тастай салуы, ашық алаңқайда қоқысты немесе құрғақ шөптерді жағуы және тағы басқа жағдайлар алапат апаттарға әкелуі мүмкін.
Осыған орай, қауіпсіздік ережелерін есте сақтауларыңызды сұраймын: жол жиегіне темекі тұқылын тастамаңыз, табиғат аясына демалыс кезінде от жақпаңыз, өте қатты ыстық күндері шөп шабужұмыстарын уақытша тоқтатып, шөпті тасымалдаған кезде тек ұшқын ұстағышпен жабдықталған техниканы пайдаланыңыз.
Өрт шыққан жағдайда 101 телефонына хабарласыңыздар.
Өрт қауіпсіздік ережесін сақтау – әр азаматтың міндеті», - делінген жазбада.