Батыс Қазақстан облысында дала өрттерін сөндіруге ақтөбелік құтқарушылар мен министрлік тікұшағы көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңірде жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Облыс бойынша барлығы 900 адам, 180 техника «тілсіз жауды» ауыздықтауға жұмылдырылған.
Ақтөбе облыстық ТЖ департаментінен 31 адам 5 техникамен 11 шілде күні сағат 00.15-те Сырым ауданы Тоғанас ауылына келіп, бірден кірісіп кетті. Мұнда құрғақ шөптің жануы шамамен 7 мың гектарды қамтыды. Барлығы 242 адам 53 техникамен жұмыс жасауда.
«Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-875 тікұшағы Батыс Қазақстан облысына бүгін сағат 11.42-де келіп, Ақжайық және Тасқала аудандары шекарасындағы өртті сөндіру үшін ұшып кетті. Мұнда жалын 11 700 гектарға жетті. 216 адам (35 техника) өртпен күресуде.
Сол секілді Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылдық округі «Мырзағалиева» шаруа қожалығында 200 шаршы метр алаңда жанып жатқан құрғақ шөпті 4 адам 1 техникамен сөндіруде.
«Облыс бойынша өрт сөндірушілер 62 рет шығып, 39 өрттің 36-сы ауыздықталды. Дегенмен жағдай күрделене түсуде. Жану мен өрттің барлық деректері ТЖ департаментінің ерекше бақылаунда», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да дала өрті елді мекенге жақындап, 44 адам ауылдан көшірілгенін жазған едік.
Фото БҚО ТЖ департаментінен