Орал әуежайында канадалық «Viking Air» компаниясы ұсынған «Twin Otter Series 400» әуелайнерінің тұсаукесері өтті. Ұшақтың таныстырылымына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Бұл - Канадалық «Viking Air» компаниясының «Twin Otter Series 400» атты шағын ұшағы Қазақстанның климаттық жағдайына қолайлы етіп жасалған. Әуе ұшағы 19 орынға лайықталған және қызмет көрсету түрі де қарапайым. Яғни, қажет болған жағдайда ішкі жабдықтарын өзгертудің арқасында орындықтарды жинап, науқас адамды тасымалдауға немесе жүк салуға әбден қолайлы. Ішкі ұшырылымдарды қамтитын ұшақ медициналық мазмұндағы арнайы тапсырмаларды, құтқару операцияларын жүзеге асыруға да ыңғайлы. Жолаушылар тасымалымен айналысатын ұшақты бар жоғы бір сағаттың ішінде медициналық жабдықталған санавияцияға айналдыруға болады. Көпсалалы ұшақ ұшып-қону жолағын талғамайды. Ол су бетіне, қарға, тіпті, асфальт төселмеген қара жерге де қону мүмкіндігіне ие. Аталмыш ұшақты бір ғана ұшқыш басқарады. Техникалық қызметі де қарапайым. Компания өкілдері ұшақты жан-жақты таныстыру мақсатында үлкен круизге шыққандарын жеткізді. Дәл осындай таныстырылым еліміздің Астана, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында да ұйымдастырылған.
-«Viking Air» әлемдік дәрежедегі әуе-ғарыштық компаниясы дәстүрлі әуе кемелерінің әлемдік паркіне арналған жабдықтар шығарады. Бүгінде біздің зауыт зымыран жүйелерінің, әуе жүйесінің талаптарын қанағаттандыруға арналған өнімнің түр-түрін ұсынып келеді. Біздің компания 1988 жылдан бері дәл осындай бағытта көпсалалы 844 ұшақ түрін қолданысқа шығарды. Бүгін біз «Twin Otter Series 400» атты 19 орындықты шағын әуекемесінің тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Ұшақ тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, сонымен қатар медицина саласында пайдалануға және жүк тасымалымен айналысуға қолайлы. Ол түрлі климаттық жағдайға бейім, яғни жоғары және төменгі экстремалды температураға шыдамды. Қазіргі таңда «Twin Otter Series 400» ұшағына деген сұраныс күн санап артып келеді. Бүгінде біздің компания шығарған ұшақтар Канада, АҚШ, Қытай секілді әлемнің 57 елінде қоланысқа енді,-дейді Канадалық «Viking Air» компаниясы маркетинг бөлімінің директоры Дэвид Хит.
-Біздің ел өңірлерінің географиялық орналасу қашықтығын, сонымен қатар бір облыс көлеміндегі аудандардың шалғайлығын ескерсек бұл өте қолайлы жоба деп есептеймін. Көпсалалы ұшақ шалғайда орналасқан аудандарды облыс орталығымен, авиациялық қатынаспен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туғызары сөзсіз. Тағы бір ерекшелігі облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықтықта орналасқан аудандар аралықтарын осы ұшақпен қатынауды қамтитын болсақ, арнайы ұшу жолақтарын салудың да қажеттілігі туындамайды. Себебі өздерің көргендей бұл әуе кемесі ұшып-қонуы үшін жол, жер талғамайды. Алдағы уақытта жан-жақты экономикалық талдау жасап, бизнестің әлеуметтік серіктестігі арқылы инвесторлар тарту жағдайын қарастыратын болсақ, болашағы зор жоба болмақ, - деді таныстырылымнан соң ұшақпен әуеге көтеріліп көрген облыс әкімі Алтай Көлгінов.
«Viking Air» копаниясы өкілдерінің айтуынша, олар Қазақстанмен серіктестік орнатуға дайын. Сонымен бірге біздің елдің экономикалық әлеуеті азаматтық авиаяция тұрғысында өте жоғары деп есептейді.
Айта өтейік, көпшілік алдында тұсауы кесілген «Twin Otter Series 400» атты шағын ұшақтың бағасы 7 млн АҚШ долларын құрайды.
Нұрбек ОРАЗАЕВ
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz