13.07.2023, 9:45
Оқылды: 81

Жолдың жартысы «шоколад», жартысы шоқалақ?..

Биыл біте ме?

Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне жеткізетін жолды асфальттау 2021 жылы басталған болатын. Яғни облыс орталығына қатынайтын күрежолдың Ақжайық ауылдық округіне қарасты Табынбай ауылы мен Шағатай ауылдық округінің Құтсиық елді мекеніне дейінгі аралығы асфальтталуы тиіс-ті. Әу баста ұзындығы 50 шақырымдық үшбу жоба үшін 5,9 миллиард теңге қазына қаржысы қарастырылған екен. Бірақ былтыр құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты мердігер мекеме «Юнисерв» ЖШС жұмысты доғаруға мәжбүр болған. 50 шақырымның 32 шақырымына бір қабат асфальт төселген, ал қалған 18 шақырымы шаңы көкке көтерілген шоқалақ қалпында. Тіпті  жолдың кейбір бөлігінің дірілдектігі соншалық, автожүргізушінің рульге ие болуы оңай емес.

1e6825c2-fd46-4314-a189-19805d68554e

– Аталмыш жол аралығына асфальт төсеу үшін бөлінген 5,9 млрд теңгенің 1,5 миллиарды игерілмей қалды. Оның бірден-бір себебі, жол салуға қажетті материалдардың бірнеше есе қымбаттап кетуі. Жақында облыстық әкімдіктің бюджеттік комиссиясы осы жағдайды ескере отырып, Табынбай – Құтсиық аралығына асфальт төсеу жұмыстарын аяқтау үшін қосымша 1 млрд теңге қарастырды. Соның нәтижесінде тілге тиек болып отырған бағытта бүгіндері жұмыс жандануда және бұл жоба биыл аяқталуы тиіс, – деді бізбен әңгімесінде Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және аутожолдар басқармасының басшысы Айдар Менеев.

69e29f24-fa94-4c30-a235-8fbfa6d458c6

Айдар Қазыбекұлының айтуына қарағанда, битум, қиыршықтас һәм жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарын таситын вагон мәселесі де шешілген. Әрине, осы уақытқа дейін жүйелі жұмысқа қолбайлау болып келген барлық мәселе шешімін тапса, жоба жүзеге асып, жұмыс бітер-ау. Тек «Юнисервтей» іргелі мекеме жол құрылысын жүргізу үшін кесілген ағаш пен топырақ үйінділерін реттеуді де ұмытпаса екен!

«Биші  қайыңға» айналған бөлік

Еліміздің солтүстік өңірінде аққайыңның мың бұрала билеген биші бойжеткендей бұралаңдап өсетін түрі бар. Осы ерекшелігіне орай аққайыңның үшбу түрі «биші қайың» аталып кеткен. Жол құрылысына керекті материалдарды тасыған ауыр жүк көліктері Барбастау – Ақжайық аралығындағы асфальт жолды толқындата бұралаңдатып «биші қайыңға» айналдырып жіберген. Көрер көзге жол тегіс асфальт көрінгенімен, толқынды тұстары темір тұлпарыңызды армансыз шайқайды. Тіпті кей жерлерде көлігіңіздің астын  соғып аласыз. Бұл қалыпты көлік қозғалысы үшін өте қауіпті фактор! Оның үстіне сөзімізге өзек болып отырған жол бөлігінде тереңдігі  10-12 сантиметрлік көптеген ойық пайда болған.

72a8f645-2c51-4087-a0f6-e43c742b1365

– Ол ойықтарды біз биыл ағымдағы жөндеу жүргізіп бітейміз. Бұл бағыттағы жұмыс фрезерлік станогымыз сынып қалып, әзірше кідіруде. Ал жол үстіндегі толқындарды жойып тегістеу үшін күрделі жөндеу жүргізілуі шарт. Ондай жұмыс биылды былай қойғанда, келер жылдың да жоспарында жоқ, – дейді  «Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және аутожолдар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы А. Менеев.

Сонымен, Шағатай ауылдық округіне қатынайтын жолдың биыл жартысы асфальтталып, «шоколадқа» айналмақ, ал жартысы бұрыннан асфальтталған бола тұра, сол толқын-шоқалақ күйінде қала бермек.

916f3014-c314-41c2-9c67-3855690f3726

Қашанға дейін?..

Бұрынғылардан бізге жеткен «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» деген сөз бар еді...

Тақырыпқа тұздық

...Әлқисса, сонау тоқсаныншы жылдардың басында, яки өтпелі кезең, өліара шақта Батыс Қазақстан облысына Жапонияның сол кездегі Премьер-министрі келген-мыс. Мезгіл – қырық күн шілде болса керек. Мәртебелі мейманды сол кездегі өңір басшысы әуежайдан қарсылап алып, бірден Шалқар көліне тартыпты. Екі сағаттан аса жол жүріп, Шалқардың жағасына жетіп, үсті-басының шаңын қағып, қымызбен шөлін басып, өзі-өзіне келгесін, Жапонияның Премьер-министрі төңірекке қарап тұрып, - Ой-й-й, қазақтар, теп-тегіс далаға ойқы-шойқы жолды қалай саласыңдар? – деп ішегін тарта таңғалған екен.

Бауыржан Ғұбайдуллин,

«Орал өңірі»

e1253860-eecf-4c49-a2d6-95c937718a2e

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале