13.07.2023, 10:00
Оқылды: 62

Кенжақаңның кенжесі

«Ерекше есімнің» бүгінгі мейманы – «Орал өңірі» газетінің маңдайалды тілшілерінің бірі, әсіресе, спорт тақырыбына келгенде қаламының жорғасы бар әріптесіміз Түгелбай Бисенов. Бұл әріптесіміз 1988 жылдың жетінші тамызында Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылында өмір есігін ашқан.

b5fbe303-09b4-4623-81a8-f0e56585291d

– Әкем Кенжеғали Бисен атамның төрт ұлының кенжесі болса, мен әке-шешемнің 10 перзентінің кенжесімін. Бес ұл, бес қызға жарық дүние, жарқын өмір сыйлаған анам Қалекеннің ғұмыр жасы бүгінде жетпістің төртеуінде. Ол – ұлын  ұяға, қызын қияға қондырып, оннан астам немере, жиырмаға жуық жиенге қоса, бес-алты шөбере көріп отырған бақытты ана, бақытты әже. Осыдан сегіз жыл бұрын өмірден озған әкем біраз немере-жиені мен тұңғыш шөбересін  көріп  кетті.

Менің атымды әкемнің ағасы Қарақұл атам қойған. Ол кісі маған ат қоярда, «Кенжеғали бауырым, келін екеуің мына сәби арқылы он перзенттің ата-анасы атандыңдар. Енді, міне, бес қыз, бес ұлың бар. Осы балақайдың арқасында ұл-қызыңның саны теңеліп, төңірегің түгелденді. Олай болса, бұл баланың аты – Түгелбай болсын!» деп сөз саптаған көрінеді, – дейді бүгіндері Кенжеғалидың кенжесі. Сөйткен Түгелбайдың өзі бүгінде жұбайы Альбина екеуі екі-үш перзент тәрбиелеп отыр.

Басыңа бас, жасыңа жас қосылып, отбасылық бақытың баянды болсын, Түгелбай әріптес!

Редакция алқасы

Тақырыпқа тұздық

«Кемелденген социализм» кезінде пойызбен өлке-өңірлерді аралап, ел-жұртпен жүздесуге шыққан қаламгерлердің арасында жазушы Дулат Исабеков пен ақын Шөмішбай Сариев те болған екен. Жол қысқарту мақсатымен сөз сүлейлері жолай біраз әңгіменің басын қайырыпты. Сондай сәттердің бірінде Дулат ағамыз Шөмішбай інісіне қаратып, – Әй, Шөмішбай, сен осы түбі тарихта қаласың, – десе керек. Тарихта қалғанды қай кісі, әсіресе, қай қаламгер жек көрсін. Әлгі сөзге құлағы елең ете қалған Шөмішбай ақын, – Оны қайдан білдіңіз,  Дулат аға? - деп сұрапты іле-шала.

– Мен білсем, енді бірде-бір қазақ баласына Шөмішбай деп ат қоймайды, – деген екен Дулат Исабеков. Демек, мәселеге осы тұрғыдан келгенде біздің Түгелбайдың да тарихта қалу  мүмкіндігі  зор-ау, осы...

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале