Бүгін ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша департаментіне Нұрманов Бахыт Шермаханбетұлы тағайындалды.
Жаңа басшыны облыс активіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әлкенов таныстырды.
Бахыт Нұрманов 1974 жылы дүниеге келген.
Әль-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған.
Қызмет жолын Оңтүстік Қазақстан облысынан бастаған.
Ұзақ жылдар Астана қаласында жұмыс істеген.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Аймақтық көліктік басқармасы бастығы лауазымында болған.
Актив отырысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа басшыға сәттілік тіледі.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша департаментін бүгінгі күнге дейін басқарған Жанат Нұрмағамбетова зейнетке шығуына байланысты басшылық қызметтен босатылды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс активі алдында Жанат Нұрмағамбетоваға алғысын жеткізді.
- Сіз ұзақ жылдар бойына бір орында табанды еңбек еттіңіз. Сізбен жұмыс істеген әр басшы сіздің кәсібилігіңізді бағалайды. Облыста заң үстемдігін орнату жолында атқарған қызметіңізге алғыс білдіремін, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Актив соңында сөз алған Жанат Нұрмағамбетова өзімен жұмыс істеген барша құрамға алғысын жеткізді.
Жанат Көшкінбай,
Фото авторы: Тұрлыбек Тілепберген
zhaikpress.kz