Ресей Федерациясы Саратов облысына қарасты Хвалынск қаласында шағын футболдан Константин Еременконы еске алуға арналған дәстүрлі ашық турнир өтті. Осымен 16-ыншы мәрте ұйымдастырылған жарыста біздің өңір футболшылары да бақ сынады.
Ресейдің Мәскеу, Вольск, Хвалынск қалалары мен Саратов облысының Духовниц ауданының ардагер футболшылары қатысқан жарыста ел намысын Бәйтерек ауданының футболшыларынан құрылған команда қорғады.
Үш күнге созылған аяқдоп бәсекесінде бәйтеректік футболшылар тамаша ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, Нұрлыбек Измуханов пен Алексей Салкин белсенді болды. Сондай-ақ қақпашымыз Қаныбек Аманбаев та әдемі сейвтерімен көрерменді тәнті етті.
Турнирде гі төрт матчтың екеуін жеңіп, бір ойында тең түскен, енді бір кездесуде жеңіліс тапқан Бәйтерек ауданының футболшылары Вольск және Мәскеу қалаларының аяқдопшыларын алға жіберіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Жарыс барысында командасын алға сүйреген Алексей Салкин мен Нұрлыбек Ихмуханов қазақстандық ұжымның «Үздік ойыншылары» атанса, Қаныбек Аманбаев турнирдің «Үздік қақпашысы» аталымын жеңіп алды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz