17.07.2023, 22:15
Оқылды: 16

Мерейлі отбасы – ұлттың тірегі

Дана халқымыз ежелден қоғамдағы отбасының құндылығы мен маңызына басты назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Қазақ тәрбиесі үлкенге ізет көрсетіп, кішіге құрмет қылудан басталады.

photo-output

Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының үміткерлерін іріктеу жөніндегі комиссияның хаттамасына сәйкес ауданымыздан облыстық жарысқа қарағандылық  Манукян және пугачевтік Қаблановтар әулеті өткен болатын. Бүгінгі мақаламыз жеңімпаз отбасылардың бірі Қаблановтар әулеті туралы болмақ.

photo-output

Пугачев ауылдық округінің тұрғындары Аманжол мен Айнагүл Қаблановтар 2003 жылы отау құрған. Отағасы Аманжол Байыржанұлы «Пугачев ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-сінде кеңсе күзетшісі болса, отанасы Айнагүл Жұмайқызы ауылдық мәдениет үйінде үйірме жетекшісі болып қызмет етеді. Бүгінгі күні отау құрғандарына 20 жыл болған отбасының Әлихан, Асылхан, Ералы және Айжанар дейтін 3 ұлы мен 1 қызы бар. Үлкен ұлдары Әлихан қазіргі таңда Шымкент қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуде.
photo-output
Негізінде Әлихан Алматы қаласындағы Рузуддинов атындағы жоғары медицина-стоматологиялық колледжінің 1-курсын бітіріп, өз еркімен Отан алдындағы борышымды өтеймін деп әскерге аттанған. Әлихан емдеу ісі факультетінің фельдшер мамандығында оқиды. Екінші ұлдары Асылхан Орал қаласындағы «Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп интернаты колледжінде» 9-сынып оқушысы. Үшінші ұлдары да Ералы «Пугачев МББК»-нінде 3-сыныпта оқиды. Ал кішкентай қыздары Айжанар 2 жаста. Қарапайым отбасы балаларын еңбекке, спортқа баулып, бойларынан еліміздің бетке ұстар азаматтарына тән адамгершілік қасиетті көргісі келеді.

photo-output

- Пугачев ауылдық әкім аппаратының бас маманынан «Мерейлі отбасы» деген жарысқа қатысасыздарма деген ұсыныс түсті. Менде қатысып көрейік деп келістім. Бұндай жарысқа бірінші рет қатысуымыз. Облысқа өтіп кетеміз деген ой болмады. Балаларымыз өнерден алыс. Көбінесе спортқа жақын. Әкелері бос уақытында балалармен асық ойнап, балыққа апарып, атқа мінгізеді. Уақытын бөліп, балалармен көп уақыт өткізгісі келеді. Әкелері тәрбиеге көп көңіл бөледі. Балаларды жер қаздыру сияқты үйдегі ер адамның жұмысына үйретеді, спортқа баулиды, - дейді Айнагүл Жұмайқызы.
photo-output

Отбасы мүшелері неше түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Отанасы Айнагүл Қабланова аудандық «Сырғалым – сырласым» атты сайыстан бас жүлде және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасының иегері.Сонымен қатар ауылдық мәдениет үйіндегі би тобымен де бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған.

Балаларына келсек, Асылхан еркін күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз. Ол А.Жолмұратов жүлдесіне арналған ашық турнирден І орын мен қара белбеуге ие болған. Орал қаласында өткен облыстық ашық турнирде І орын, Қызылорда қаласындағы облыстық ашық турнирде І орын, Шымкент қаласында өткен республикалық ашық турнирде ІІ орын, биыл Орал қаласындағы облыстық ашық турнирде ІІ орын алған. Ал Ералы балалар жылына орай еркін күрестен аудандық турнирде І орын, грек-рим күресінен аудандық турнирде ІІІ орын иемденген.

- «Отбасы кішкентай мемлекет» демекші, менің отбасымайрандай ұйыған, тату тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқан қарапайым отбасы. Халқымыз отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Бізде жолдасыммен балалардың тәрбиесіне, өздерін ұстауына басты мән береміз. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, балары сол арқылы дамиды. Ертең ол бала өскенде осы тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Тәрбие бала дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу ол әр ата – ананың басты міндеті деп білемін, - дейді отанасы.

Отбасы – әр мемлекет пен халықтың бүгіні мен болашағы. Мемлекеттің іргетасы болып саналатын отбасы - баланың өсіп-өніп, қанат жайып ұшатын алтын ордасы. «Мерейлі отбасы» байқауының арқасында еліміз бен ауданымыздан бетке ұстар, үлгі тұтатын отбасылардың көп екендігіне көзіміз жетуде.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале