«Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынас. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенділер халықпен кабинетте немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей…»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне 2019 жылы 2 сәуірде жарияланған «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбатынан 23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілері күні болып белгіленген кезде «Қазақстанда онсыз да әр саланың, әр кәсіптің өз мерекесі бар. Мұның қажеті қанша?» деп пікір айтқандар да болды. Дегенмен көпшілік үлкен жауапкершілікті талап ететін мемлекеттік қызметтің мәртебесін жоғарылатуды, мемқызметшінің ар-абыройын арттыруды, имиджін көтеруді мақсат тұтатын арнайы күннің болуын жөн санады.
Президент бір сөзінде мемлекеттік қызметшілер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, көптеген өзекті мәселе тиісті деңгейде шешілетінін, бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттыратынын атап өткен еді. Жергілікті жерде тұрғындармен сондай тығыз байланыс орнатып, қордаланған мәселелерді шешуде нәтижелі еңбек етіп келе жатқан атқамінерлердің бірі – Щапов ауылдық округінің әкімі Біржан Нұрбайыров.
Осыдан 47 жыл бұрын қазіргі Казталов ауданының Талдыапан ауылында дүниеге келген. Ол 2001 жылы туған жерінде мемлекеттік қызмет саласында еңбек жолын бастады. 2008 жылы Щапов ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарды. 2018 жылы сайлауға түсіп, аудандық мәслихат депутаттарының басым дауысын жинап, ауыл әкімі болып тағайындалды.
Біржан Төлегенұлының айтуынша, Щапов ауылын Талдыапанмен салыстыруға келмейді. Мұндағы тұрғындар түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Өзге жерлерден көшіп келгендер аз емес. Ауыл қалаға жақын әрі күрежолдың бойында болған соң, оның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жақсы. Мәселен, округ аумағында 8 дүкен, 150 орындық 1 кафе, 1 қоғамдық монша, 1 кемпинг бар. Жалпы мұнда 69 шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеуде. Округтегі 60 тұрғын ауылда құс етін өндіретін «Жайық ет» ЖШС-ында тұрақты еңбек етеді. Одан бөлек шошқа етін өндіретін кешенде 53 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ округ аумағындағы түрлі шаруашылықтарда нәпақасын тауып жүргендер аз емес. Сол себепті Щаповта жұмыссыздар жоқ. Қоғамдық, маусымдық жұмыстарға адам табу қиын. «Қазсушар» РМК-ның ауылдағы бөлімшесінің үш жүргізуші, үш дәнекерлеуші секілді қызметкер іздегеніне де біраз болған. Ауылда әлеуметтік көмек алатын бір отбасы бар екен. Әкімнің сөзіне қарағанда, ол – шынымен мұқтаж жанұя. Ал еңбек еткісі келмей, «маған көмек бер» деп отырған ешкім жоқ. Соңғы екі жыл ішінде 37 жергілікті азаматтың кәсіп бастаймын деп несие алуы, 14 тұрғынның мемлекеттік грантқа қол жеткізуі щаповтықтардың еңбектен қашпайтынын көрсетсе керек.
– Елдің бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Дегенмен де, ата-анамызға, ағайын-туысқа, ұстаздарымызға, туған жерге кір келмесін деп барынша еңбек етіп келеміз. Тіпті балаларым да қызарақтамасыншы деп қолдан келген нәрсенің бәрін жасауға тырысамыз. Мысалы, бірде қызым сабақтан келе жатқанда бір көшенің жарығы жанбай тұрса керек, сонда бір құрбысы оған «Әкеңе айтсаңшы, мына көшенің жарығын жандырсын» деген ғой. Кейде зайыбым «Ауылдың ана шетінен түтін шығып жатыр» деп келеді, сол бойда не болып қалды екен деп шабасың. Сөздің шыны керек, осындай шабыспен жүргенде уақыттың қалай өтіп жатқанын білмей де қаласың. Жалпы, ауыл әкіміне жүктелген 58 міндет-миссия бар. Ол міндеттерді орындау үшін тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істеу керек. Ал ҚР Еңбек кодексінде 8 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайтыны жазылған. Ауыл әкімінің қызметі сегіз сағатқа сыймайды.
Мәселен, таяуда біздің ауылмен Серебряков кентінің жолдары қиылысар тұста жол-көлік оқиғасы орын алды. «Қазір түн болды, жұмыс уақытым сегіз сағат, әрі бұл қаланың аумағына қарайды» деп отырмайсың ғой. Ауылымыз Орал – Атырау күрежолының бойында болған соң, малдың жолға шығуына жол берілмеуі керек. Қарайған малдың бәрін қайдан қарап отырасың? Қараусыз қалып, жолға шығып кеткен малды арнайы орынға айдап апарып қамауға тура келеді. Қазір ауылда мал бағымын ұйымдастыру да оңай емес. Бақташы болуға құлқы барлар аз. Іздеп тауып сөйлессең, олар өздерінің талабын қояды, ол талап тұрғындарға ұнамайды. Медиатор болып солардың арасында жүресің. Мал дегеннен шығады ғой, мен де, мамандарым да үйде мал ұстаймыз. Таңмен мал айдап тастаған соң, біз ауыл тұрғындарын бейресми түрде қабылдап келе жатамыз. Бұл бізге де, оларға да тиімді. Мал ұстағанның бір жақсысы, ауылда кімде қандай, қанша мал бар екенін, бақташының көңіл күйін, тұрғындардың оған деген көзқарасын, бәрін бағамдайсың. Ауылымыздағы жалғызбасты егде адамдар бар. Кейбірінің балалары Ресейде тұрады. Келсе, жылына бір көрінеді. Ал қыста олардың ауласының қарын аршуды, басқа да көмек көрсетуді, ешкім мәңгілік емес қой, мұндай жандар дүние салған кезде жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды да өз мойнымызға алғанбыз. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» демекші, мұндай жерде жалғыз адам көп ештеңе бітіре алмасы анық. Азды-көпті жетістікке жетсек, мұның бәрі ұжымымдағы әріптестеріммен тығыз байланысты. Ауылдық округ әкімі аппаратында қызмет істеп жүргендеріне алды қырық, соңынан келгеніне алты жылға жуықтаған әріптестерім ортақ істен сырт қалып көрген емес, – деді Біржан Нұрбайыров.
Кейіпкеріміздің тағы бір айтуға тұрарлық қасиеті – газет оқуға құштарлығы. Халық пен биліктің мүдде тоғысына ынталы республикалық, облыстық, аудандық газеттерді уақтылы қарап отыруға тырысады. Елдің болашағына, халқымыздың ынтымағына, қоғамдағы игіліктерге қатысты жарық көрген тамаша мақала-материалдарды айналасына айтып жүреді. Содан да болса керек, Щапов ауылдық округі баспасөзге жазылу науқанында өзгелерге үлгі етуге тұрарлық іс қылып келеді.
– Соңғы кезде мемлекеттік қызметке келіп жатқан кейбір жастардың сөйлемді жөнді құра алмайтынын, тіпті грамматикалық тұрғыдан қате жазатынын байқап жүрмін. Мұның бәрі газет пен кітапты жөнді оқымағаннан деп білемін. Газет дегенде шынайы ақпарат, байыпты сараптама, нақты тұжырым, таңбаланған тарих ойға оралады. Сондықтан газет оқыған жанның көш соңында қалмайтыны анық, – деді Біржан Төлегенұлы.
Құралай Қапошева, Щапов ауылдық пошта торабының қызметкері:
– Менің ойымша, мемлекеттік қызметші, соның ішінде ауыл әкімі жан-жақты болуы керек. Яғни іскер, қарапайым, әділ, адал, көпшілікпен тіл табыса алатын, қиыннан қиыстырып жол таба білетін адам болғаны жөн деп пайымдаймын. Біржан Төлегенұлы – осы талаптарға сай азамат. Жалпы, ауылымыздағы мемлекеттік қызметшілердің осалы жоқ. Бәрі де – елге болсын деп жүрген жандар. Бұл кешегі карантин кезінде анық көрінді. Олар тұрғындарға түрлі құжаттарды электронды түрде рәсімдеуге көп көмектесті. Әсіресе, 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алу үшін кезекте тұрған ауылдастарға әкім аппаратындағы бес маман бес жерден отырып, құжаттарын жолдаумен болды. Коронавирус дендеп тұрған кезде маска тағып, өзге де сақтық шараларын сақтап, халыққа қызмет көрсете білген ауылымыздағы мемлекеттік қызметшілердің мұндай игі ісін ешкім ұмытпақ емес.
Сергей Сементев, «Қазсушар» РМК Камен су торабы учаскесінің басшысы:
– Біржан Төлегенұлын өзім ауыл әкімі аппаратында бас маман болып қызмет еткен кезден бері білемін. Оны ауылымыздың тұрғындары еңбекқор, елжанды азамат ретінде қадірлеп, сыйлайды. Өзіндік азаматтық ұстанымына да оң көзқарастамыз. Ауыл болғасын түрлі мәселе туындап жатады ғой. Сол кезде әкім оларды шешу үшін барын салып шауып жүреді. Техникалық тұрғыдан көмек керек болса, бізге айтады. Осындай жанашырлықтың арқасында шығар, ауылымыз жақсы дамуда. Жаңа мектеп бой көтерді, ауылішілік жолымыз күрделі жөндеуден өтуде, су тартылды. Енді мәдениет үйі салынбақшы. Ауылымызда осындай игілікті істер көбейе берсін дегім келеді.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz