18.07.2023, 9:45
Оқылды: 98

Шаруалардың шырылын естір құлақ бар ма?!

Осы күні біздің облыс үшін, әсіресе, ауылдағы мал баққан ағайын үшін екі мәселе: су және киік жайы қатты алаңдатып отыр. Бұған қоян жылы қосылып, уайым күшейе түскені жасырын емес. Өткенде мен осы бағытта киік пен судың мәселесін айтып мақала жаздым («Орал өңірі» 22 маусым, 2023 жыл). Бүгін осы төңіректерде әңгімемді әрі қарай жалғастырғым келіп отыр. Өйткені киік жайлаған аудандардағы шаруалардың алаңы, алдағы қысқа мал азығын дайындай алмай жатқан малшы-шопандардың уайымы бұрынғыдан күшеймесе, басылған жоқ. Жуырда ғана осы жолдардың ауторы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Құспанмен оңтүстік аудандарды аралап, халықпен кездесіп қайтқанда көздері әбден жетті. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы ардагерлері мен шаруа қожалықтары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жазып, сұрау салуға мәжбүр болғаны мәселенің қаншалықты күрделене түскенін аңғартады  деп  ойлаймын.

ЖПК

Фотоға түсірген Қайырбек Сариев

Сонымен, соңғы екі-үш жылда айта-айта жауыр болуға айналған киік мәселесінен бастайын. Ол – қазақтың  сайын даласының көркі ғана емес, қажет болған жағдайда еті мен мүйізі, терісі пайдаға асатын жануар. Осыдан он шақты жылдың бедерінде ақбөкеннің басына ақырзаман күн туғандай жағдай болды. Жәнібек, Казталов аудандарында ол аяқ астынан қырылып, жалпы саны күрт азайды. Дала төсі киіктердің өлексесіне толды. Еліміздің ғалымдары мен осы тө-ңіректегі мамандары біраз дүрлікті. Әйтеуір, Құдай оңдап, біржола құрып кетуден аман қалды. Содан бері тап онша көп уақыт өте қоймаса да, ақбөкендер қайтадан көбейе бастады. Енді, міне, оның бүгінде көбейгені сонша, сайын далаға сыймай ба-ра жатқан жайы бар. Олар, әсіресе, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, аудандарында мықтап байқалады. Осы арада Кеңес одағы салтанат құрып тұрған кезеңдердегі жағдайды  тілге тиек ете кетсем деймін. Ол кезде де ақбөкен Ақ Жайық өңірінің сайын даласында жосып жүретін. Арасында көбейіп, тап осылай малшы-қойшылардың мазасын қашырған кездері де болды. Оны өз көзімізбен көре қалдық. Сондайда киіктің басы кәдімгідей шектеліп отыратын. Мына бір көрініс әлі көз алдымда. Арнайы аңшылар шақырылады. Тақымдарында піл табан (дөңгелектері жалпақ) мотоцикльдер. Үстерінде үріп қойған, резеңке киім, бастарында шлем-«дулыға». Сірә, алда-жалда құлайтын болса, жарақаттан сақтайтын «сауыт-киім» деуге келеді. Темір тұлпарларға мінген аңшылар зымырап отырып, киіктердің үйірлерін белгілі бағытқа қуып айдайды. Олардың алдарына күні бұрын тор құрып қояды. Сол жерге әкеліп қамап, сосын таңдап тұрып атады. Кейде «КамАЗ» сияқты көліктермен де (үстерінде арнайы қаруланған аңшылар отырады) аулайды.

Одан әрі күні бұрын дайын тұрған қасапшылар жұмыстарына кіріседі. Киіктің еті саттыққа шығарылады, халық талап алып жатады. Терісі мен мүйізі де далада қалмайды, пайдаға асырылады. Қазір мұны ұмыттық. Дұрысы, ұмытқан жоқпыз, ақбөкенді бұлай аулауға заң рұқсат етпейді. Енді-енді аулауға мүмкіндік туатын сияқты. Киіктің етін саттыққа шығарса, ол дүкен сөрелерінде жатып қалмайды. Терісін өңдесек, қытайлар үшін қаны жерге тамбайтын мүйізін өзіміз кәдеге жаратсақ, қандай керім болар еді... Бұл әзірге арман ғана.

Сонымен, бүгінде мықтап көбейген киік жоғарыда айтқан төрт ауданның жеріндегі егістіктерді, шабындықтар мен жайылымдарды таптап, шегірткеше жайпап жатыр. Су көздеріне де қырғидай тиюде. Ғалымдар мен мамандардың есептері бойынша әр киік күніне 7 келіге дейін шөп жейтін көрінеді. Бүгінде анау төрт ауданның жерінде қара есеппен екі миллион (шаруалар одан да көп дейді) киік жосып жүр. Жоғарыдағы есепке салсақ, осыншама  жануар жыл бойы 5,1 миллион тонна шөп жейді екен. Бұл олардың жейтін шөбі, ал  тұяқпен таптап өткен шөпті қайда қоямыз?! Жолындағысын жайпап келе жатқан «ті-рі комбайн» дегенге келіңкірейді. Шаруалардың шырылдауы орынды, олардың малына сонда не қалады? Әр киікке күніне бес литрге дейін су керек дейді мамандар. Тағы да сол есепке салсақ, 2 миллион киік тәулік сайын 10 мың тонна су ішкенде жыл-он екі айда олар 3,6 млн тонна суды қотарады. Ал су жағдайы бүгінде біздің облыста да өте күрделі, кейбір аудандарымыз мұны қатты сезінуде.

Биыл, әсіресе, мал баққан ағайынға оңай тимейтін – Қоян  жылы. Оның қиындығы қазірден бастап сезіліп, жазы қуаңшылықпен басталды. Жер-жерден түсіп жатқан хабарға қарағанда, шөптің шығымы өте мардымсыз. «Өзі байғұс баланы, ит қапқан соң не сорым...» дегендей, киіктен көресіні көріп жатқан шаруаға енді бұл да мықтап уайым болуда. Өйткені  мал баққан ағайынға алдағы Қоянның қысына  (2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың сәуірі арасы) қуаңшылыққа байланысты тиісті мал азығын дайындап ала алмайтын қаупі мықтап төніп тұр. Бұл бағытта тиісті шарасын тезірек алмаса, шаруаларға малдарын сатып, азайтуға немесе киігі жоқ өңірлерге көшуден басқа амал қалмайтын түрі бар. Алайда ол жақтарда оларды құшақ жайып, қуана күтіп алатындар табыла қояр ма екен?! Сонда не істеу керек? Бұл жерде Үкіметіміз ақжайықтық шаруалардың жан айқайына тікелей және шұғыл араласпаса болмайды! Ол үшін алдымен  не  істеу керек?

Бірінші – киіктің  санын жергілікті шаруашылықтарға зияны тимейтіндей етіп, шектеу, әрине, тиісті заңнамалар қабылдау үшін бастамалар көтеру, оны ұсыну және қабылдату.

Екінші – киіктің  осы уақытқа дейін шаруашылықтарға келтірген зиянын толық, әділ және жедел өтеудің пәрменді тетіктерін қалыптастыру.

Үшінші – алдағы Қоянның қысынан малды аман алып шығу жолында киіктен шабындықтары мен жайылымдары қатты зардап шеккен аудандардың мал иелері – шаруаларға мал азығын дайындау үшін немесе сатып алу үшін жедел түрде субсидия бөлгізу. Елімізде мұндай үрдіс бар. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ірі қара малының әр басына 30 мың теңге, қойға 8 мың, жылқыға 8 мың теңгеден облыстық бюджеттен қаржы бөлініп келеді. Осындай көмек біздің малшыларға  да  көрсетілуі  керек.

«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Бұл жерде жауырды жаба тоқып отырған жоқпыз, малшы ағайынның төзімі әбден сарқылып келе жатқаны шындық. Егер киіктің келтіріп отырған зияны мен залалына тез арада тосқауыл қойылмаса, мал бағудан бас тартқысы келетіндер пайда болатын түрі бар. Оны шаруалар бізбен кездескенде жасырмай, ашық айтуда. Олардың жанайқайы орынды, бейнеті  жетіп артылатын мал мен егін шаруашылығында енді оған киік мәселесі қосылғасын, шаруалар қайтіп күн көреді?! Құдай сақтасын, малын бағып, өз күнін өзі көріп, айналасындағыларға да шапағатын тигізіп отырған шаруалар кәсіптерінен амалсыздан бас тартса, қиындықтың көкесі сонда болады. Жұмыссыздық басталып, ұры-қары көбейеді, қылмыс өршиді. Жәрдемақыға алақан жаятындар саны артады. Малы біткен ауыл қалаға жөңкіледі. Сол қалаға жөңкілудің бірінші толқынынан әлі ес жия алмай келе жатқан халық одан әрі сансырайды. Ал халық қалаға жаппай жөңкілсе, шекаралық аймақтарда жатқан ауылдар қаңырап қалмасына кім кепіл?! Бұл айналып келгенде, ұлттық қауіпсіздігіміз бен шекарамызға төнген қауіптің басы болып  шықпай  ма?!

Тағы да киікке қайта айналып соғайық. Олардың шектен тыс көбеюі жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудырады. Бүгінде өрісі мен жайылысы, суаты малмен мидай араласып жатқан киіктерден тараған ауру әуелі, малға, одан адамға жұқпасына кім кепіл?! Мұны да назардан тыс қалдыруға мүлдем болмайды! Осы күнде киікті заңсыз аулағандарға қатал жаза қарастырылған. Тым қатал! Бірлі-жарым киік аулағандарды қылмыстық емес, әкімшілік жазаға тартқан дұрыс болар еді дейміз. Әрине, көптеп қырып аулайтындарға обалы өздеріне, заңның барлық пәрменін қолдану керек. Осы арада киік аулағандарға қолданылып жүрген заңнамаларға тиісті өзгерістер  енгізу  керек.

Тоқып отырған өрмегімізге қайтып оралсақ, осы таяу арада кезек күттірмейтін басты шара ретінде киік орасан зор зиян шектіріп жатқан Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Ақжайық аудандарының мал иелеріне мал азығын дайындау (немесе сатып алуға) үшін жедел түрде субсидия бөлдіру қажет! Өте қажет, өйткені  Қоян қысы келе жатыр, ағайын!

Лавр  Хайретдинов,

«Ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымы»

ҚБ-ның төрағасы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале