БҚО Ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция бөлімі жанындағы тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністері осыдан бір апта бұрын тұрғындарға сапалы әрі тез қызмет көрсету мақсатында электронды кезек жүйесімен жарақтандырылған болатын. Өңір басшысы да Алтай Көлгінов жаңғырып, қайта жабдықталған қызмет көрсету орталығының жұмыс жүйесімен танысты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберінде «ҚР-ның жергілікті полиция қызметі жұмысы бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №388-V санды заңына сәйкес, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша БҚО Ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция бөлімі жанындағы тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністерін электронды кезек жүйесімен жарақтандыру жобасы қолға алынған болатын. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын және қайта жабдықтау, қажет құрылғылар мен компьютерлік құралдарды, жаңа жиһаздарды сатып алуға облыс бюджетінен 30 млн. 184 мың 837 теңге қаражат бөлінген.
Аталған жүйені енгізудің басты мақсаты - көлік құралдарын тіркеу немесе қайта тіркеуге қою, жүргізуші куәліктерін беру және әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша өндірісті іске асырып, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту.
Электронды кезек жүйесімен қызмет көрсету адамның тікелей қатысуынсыз жүзеге асады. Тұтынушының кезегі электронды түрде анықталады. Яғни, бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұру, делдалдың көмегіне жүгіну сияқты келеңсіз жағдайлар ендігі жерде орын алмайды.
Жаңарып, қайта жабдықталған тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністерінде болған өңір басшысы орталыққа келген тұтынушылармен жүздесіп, жаңа жүйе туралы ой-пікірлерін білді. Орталыққа келушілер өз кезектерінде қызмет көрсету жүйесінің едәуір жеңілдетілгенін, сол себепті жүйкені жұқартатын кезектен құтылып, уақыттары үнемделетінін айтып, өңір басшыларына алғыстарын білдірді. Облыс әкімі тұтынушылар атынан айтылған кемшіліктерді жоюды және көрсетілетін қызметті жетілдіру жұмыстарын әкімшілік полиция басқармасы басшысы мен халыққа қызмет көрсету орталығының жетекшісіне тапсырды.
Нұрбек ОРАЗАЕВ
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz