Маңғыстаулық суретшілер «Отпантаудан – Ұлытауға» атты экспедициясымен ел аралап жүр. Бұл экспедицияны «Ақтау қалалық суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырса, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арнайы грант бөлген.
Қылқалам шеберлері «Отпантау – Сарайшық – Бөкей ордасы – Қорқыт ата – Қожа Ахмет Яссауи – Жәдігерлер кешені» бағыты бойынша сапарға шықты. Экспедиция аясында Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының кәсіпқой суретшілерінің қатысуымен шеберлік сағаттар ұйымдастырылды. Экспедиция соңында Астана қаласында өңір суретшілерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Отпантаудан басталған маңғыстаулық суретшілермен бірге қырғыз ағайындар да Хан ордасына ат басын тіреп, музей-қорықты тамашалап, тарихы тереңнен тамыр салған Орданың қазіргі келбетін бейнеледі. «Бөкей Ордасы ізімен» плэнері мен шеберлік сағатын өткізді.
Ұлытауға бет алған суретшілер арасында Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркем-сурет академиясының корреспондент-мүшесі, оралдық Қайыр Оразғалиев те бар.
zhaikpress.kz