Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Бұлдырты ауылдық округі Көгеріс ауылындағы тұрғындармен кездесуде осылай деді.
- Есептік жиындарға көбіне қарапайым халық қатысады. Елдің мұң-мұқтажын айтатын, мәселесін көтеретін де – осы топ. Шаруашылық құрылымдарының басшылары ауылдың тыныс-тіршілігіне неге араласпайды, мәселелерді шешуге неге қатыспайды? Мені осы сауал мазалайды.
Қожалық иелері ешкімге міндетті емеспін деп ойлайды. Бірақ, жер – үкіметтікі, субсидия – үкіметтікі, ақыр соңы қаржылай қолдаудың тиімді шарттарын да үкімет ұсынып отыр. Демек іс басындағы азаматтарда әлеуметтік жауапкершілік болуы тиіс.
Ел ішінде жер игеріп, мал өсіріп, еңбек етуге құлықты жастар аз емес. Оларға мүмкіндік беретін, қолдау жасайтын уақыт келді. Ауылшаруашылық жерлерін жалға беру конкурстарында комиссия осыны ескеруі керек. Округтердегі шаруалардың жайын ауыл әкімінен артық білетін адам жоқ. Сондықтан жер конкурсында округ әкімінің дауысына басымдық беру керек!, – деді Жұмагелді Батырниязов.
Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейісовтың айтуынша, бүгінгі таңда округте мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Меже 21,8 тонна болса, бүгінге 3,765 тонна шөп шабылып, буылған. Көрсеткіш күннен-күнге өсіп келеді.
Аудан бойынша атқарылған мал дәрігерлік-профилактикалық шаралардың қорытындысына сәйкес, Бұлдырты округі бойынша 80 бас ірі қарадан сарып анықталған. Ауру ошағы есебіндегі 29 ауланың 16-сы бұқырланып, тазаланды. Салауат Нұрпейісов ауылдастарын малдың саулығы мен қоражайлардың тазалығына салғырт қарамауға шақырды.
Малдың саулығынан бөлек, бағымы да басы бүтін бір мәселе. Кешегі аптада Жымпиты – Қаратөбе тас жолының бойында, Көздіғара ауылының тұсында автокөліктің малға түйісу оқиғасы болды. Қаза тапқандар бар. Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Жанболат Мырзашев жылқы малын күндіз жайылымға жіберіп, түнгі уақытта қамау мәселесін ескертті. Бұдан бөлек, жылқы қуатын мотоциклдердің де дені тіркеуде жоқ, иелерінің көбі дөңгелекті «тұлпарларды» рұқсатсыз басқарып жүр екен.
Көгерістегі жиында халық жас мамандарды баспанамен қамту, диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмекті қолжетімді ету, шаруашылықтарды «Күміс жас» бағдарламасына қолдау беруге шақыру, яғни жасы зейнет жасына жақындаған ауыл тұрғындарын кең көлемде жұмыспен қамту жайлы мәселелер қозғалды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz