Италияның Милан қаласында өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Бұл туралы спортты дамыту дирекциясы хабарлады.
Фото: СДД-ның instagram-ның парақшасынан
Ұлттық құрама көшбасшысы Руслан Курбанов ширек финалда италиялық Валерио Куомоны 15-12 есебімен ұтып, қазақстандықтардан тұңғыш болып финалдық кезеңге жолдама алды. Алайда жартылай финалда мажарстандық Мате Кохпен болған тартысты айқаста қарсыласқа 10-15 есебімен жол жіберіп, қола жүлдегер атанды.
Екінші жартылай финалда Олимпиада және әлем чемпионы франциялық Ромен Каннон италиялық Давиде ди Веролиден жеңіліп қалды.
Айта кетейік, отандасымыз 1/16 айналымда франциялық Янник Борельді (15-14), даниялық Конрад Сейбек Конгстадті (14-13) ұтқан. Оған дейін аустриялық Джозеф Марингерден басым түсіп, үздік 32 спортшының қатарына қосылды.