3.08.2023, 15:15
Оқылды: 30

«Дүкендердің тең жартысының атауы жоқ»

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен Сайқындағы шағын және орта бизнес иелерімен ауылды абаттандыру, кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылаған жиын өтті. Жиынға тиісті сала басшылары мен бас мамандары да қатысты.

ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – БАСТЫ ТАҚЫРЫП фото

Күн тәртібіндегі мәселеге орай аудан әкімі аппаратының бас маманы Исатай Құрмашев баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, аудан орталығында 40 сауда нысаны, 10 саябақ пен алаң бар.

- Дүкендердің тең жартысының атауы жоқ. Атауы көрсетілген дегеннің өзінде жазуларын күн жеп, ағарып кеткен. Ал автокөлікті жуу, дөңгелек жөндеу орталықтары мен тамақтандыру орындарын тек иесінің атымен ғана танимыз. Сайқынның маңдайына біткен жалғыз жанармай құю стансасының да келбеті көңіл қынжылтады. Атауы да жоқ, жанармай бағалары көрсетілген ақпаркестенің де жаңартылмағанына бірталай уақыт болған, – деген баяндамашы ауыл ажарын кетіріп тұрған ғимараттар туралы айтып өтті.

Тазалық айтылған жерде тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі де айтылатыны заңдылық. Дүкен иелері тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына барар жолдың нашарлығын айтты.

- Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына барар жолдың нашар екені бұған дейін де айтылып та жүр. Облыс орталығына қатынайтын жолды, ауылішілік жолдардың мәселесін шеше алмай отырып, дәл қазір полигонның жолын жөндейміз деп, бәрі жақсы болады деп құр уәде бере алмаймыз. Негізі, сіздер сол полигонды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкермен келісімшартқа отырып, тиісті ақысын төлесеңіз, дүкеннен шыққан қоқыс-қалдықты полигонға жеткізу сіздің шаруаңыз болмайды. Ол да сіз сияқты нәпақасын осы кәсіпкерліктен тауып отырған адам. Сондықтан да бұл мәселеге түсіністік танытуыңызды сұраймын. Дүкендеріңіз сіз үшін табыс тауып отырған жұмыс орныңыз. Айналасын жинап, дүкеннің атауын көрсетіп, сыртын әктеп-сырлап, таза ұстау да сіздің міндетіңіз. Дүкеннің тазалығы да өз алдына бір мәселе. Аудан басшысының жеке қабылдауына келген азаматтар азық-түлік дүкендерінің тазалығына шағым айтады. Қазір шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мораторий жарияланып, салыққа да қатысты жеңілдіктер жасалып отыр. Сіздер де халық, үкімет алдарындағы жауапкершіліктеріңізді ұмытпауларыңыз керек. Айналып келгенде мұның бәрі ортақ үйіміз – ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тазалығына тікелей қатысты. Елдің дамуы, қоғамның жаңғыруы – әркім өз жауапкершілігіне мүдделі болуынан басталатынын ұмытпайық, – деді аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов.

Кәсіпкерлеріміз жарықтың жиі сөнуі, бейнекамералар қызметінің сапасыздығы, банкоматтар тапшылығы сияқты мәселелерді көтерді.

Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша қоғамдық бақылау тобы құрылып, аудан орталығының тазалығы, сауда және қоғамдық орындарының қызмет сапасын назарда ұстау керек деген ұсыныс қабылданды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале